«Ертіс дарыны» қосымша білім беру өңірлік оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен 8-ші республикалық «Мұқағали оқуларының» облыстық кезеңі өтті.
Рухани мән-мағынасы терең бұл поэзия байқауына өңірдің ауыл, қалаларынан 31 оқушы қатысты.
Осы айтулы шараға қатысушы Қалқаман ауылы мектебінен келген Айтолған Жүнісхан, Аққулы ауданы Тілектес орта мектебінің шәкірті Мақпал Хайратбек, Шарбақты ауданы Есілбай орта мектебінің намысын қорғаған Айдана Қайкен, Ақсу қаласының гимназия оқушысы Жансая Жәнібек, облыс орталығындағы гимназия-интернат өкілі Рамазан Дәуренбекұлы, Екібастұздағы №36 мектеп-лицейі үкілеп қосқан Қазына Тыныбек және басқалар туған тілдерін құдірет көрген өр мінезді өрендер екендерін көрсетті.
Тағы бір байқалғаны – «Мұқағали оқуларына» өзге ұлт өкілдерінің балалары, атап айтқанда, облыс орталығындағы №3 гимназиясының 8-сынып оқушысы Дарья Лангольф пен №8 лицей-мектебінің 8-сынып оқушысы Екатерина Соколова қатысты.
Орталық мамандарының айтуынша, «Мұқағали оқуларының» мақсаты – жас ұрпақтың әдебиетке, қазақ поэзиясына деген құштарлығын арттыру, оларды өлең құдіреті мен қуатын жанымен сезініп, жүрегімен түсіне білуге үйрету.
Екіншіден, еліміздегі мектеп оқушылары арасында қазақ ақындарының, Мұқағали Мақатаевтың да шығармаларын насихаттау, балғын таланттардың шығармашылық қабілеттерін, табиғи дарындарын ұштау болып табылады.
Үшіншіден, жаңадан өлең жазуға талпынып жүрген оқушыларға қолдау көрсетіп, олармен жүргізілетін шығармашылық жұмыс түрлерін жандандыру.
Оқушылар «Өлең пірі – Мұқағали» аталатын негізгі бөлім шарты бойынша ақынның жырларын жатқа оқып берді. Оның ішінде ақынның өлеңдерімен бірге «Аққулар ұйықтағанда» және «Райымбек, Райымбек!» сияқты поэмалары да бар. Ақиық ақынның өмірі мен шығармашылығынан қаншалықты хабардар екендіктерін үміткерлер «Мұқағали жайлы кім көп біледі?» деген бөлімде 10 сұраққа жауап беру арқылы байқатты.
«Жауқазын жыр жанымды жүр мазалап» деген бөлімде қаламының желі бар жеткіншектер өздері жазған өлеңдерін де оқып берді. Қауырсын қанат өлеңдер жүрек тербеп, санаға түрлі ой салады екен.
Қатысушылар өлеңнің идеясын ашып, мәнерлеп, көрерменге әсерлі етіп оқып берулері керек. Қазылар алқасы оқушының өлеңді мәнерлеп оқу шеберлігіне, дикциясына, дауыс бояуына, әртістік қабілетіне ерекше мән берді.
Осындай талапқа оқушылардың арасынан Ямышев ауылы орта мектебінің 11-сынып оқушысы Айкерім Хауметқали сай келіп, қатарынан қара үзіп шықты.
Ал оны осы байқауға әзірлеген ұстазы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Төлеу Каукердің айтуынша, ата-анасы, мектебі үлкен үміт күтетін Айкерім өте талапты қыз. Өлең де жазады. Ямыштың мектебінде тәуелсіздіктен кейін тарихи отанына оралған ағайындардың 80 баласы оқып білім алуда. Сөйтіп «Мұқағали оқуларының» облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша бас жүлдені Айкерім Хауметқали иеленді. Айкерім енді Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында өтетін республикалық кезеңде сынға түседі.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар