• RUB:
    4.83
  • USD:
    443.37
  • EUR:
    474.49
Басты сайтқа өту
Қазақстан 23 Қазан, 2018

Орталық Азиядағы инвестицияның 70%-і Қазақстанға тиесілі

407 рет
көрсетілді

Қазақстан Орталық Азиядағы тікелей инвестицияларды тарту бойынша көш басында. Жалпы көрсеткіштегі елдің үлесі шамамен 70%-ті құрайды. Бұл туралы бүгін Үкіметтің кезекті отырысында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.

Инвестициялық климатты жақсарту мен Қазақстан экономикасына шетелдік инвестицияларды тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндаған Ж. Қасымбек, биыл 9 айда негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 21,6%-ке артып, 7,5 трлн теңгені құрағанын жеткізді. (2017 жылдың 9 айы бойынша - 5,7 триллион теңге).

«Тау-кен өнеркәсібінде (41,4%-ке), құрылыста (37,1% -ке) және өңдеу өнеркәсібінде (26,4%) өсім байқалада. Республикалық деңгейде инвестициялардың басым бөлігі Атырау (35,8%), Астана (9,2%), Алматы (6,5%) сияқты өңірлерге тиесілі. Инвестициялардың өсімі көптеген өңірлерде байқалады.Солардың ішіндегі үш көшбасшы өңірге Шымкент қаласы 2,8 есе, Атырау қаласы 35,6% және Қарағанды облысы - 28,5% көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Аталған мерзім аралығында Алматы (0,5%) мен Жамбыл (3,4%) облыстарында инвестиция өсімі азайған, ал, Түркістан (9,2%) облысында төмендеу байқалды»,- деді Инвестициялар және даму министрі.

Айта кетерлігі, биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 15,4%-ке ұлғайып, 12,3 млрд долларды құрады. Бұл көрсеткіш былтырғы 1-ші жартыжылдықта 10,5 млрд АҚШ доллары шамасында болған еді.

Министрлік келтірген мәлімет бойынша жалпы сомасы 1,4 млрд доллар болатын 12 жоба іске асырылу сатысында, биыл оның ішіндегі құны 1 млрд доллар болатын 8 жоба қарқынды түрде іске асырылып жатыр.

Маңызды жобалардың ішінде инвестиция көлемі - 83 млн долларды құрайтын техникалық газ өндіретін немістің Linde Group компаниясын, инвестиция көлемі - 165 млн долларды құрайтын картоп өңдейтін голландиялық фирманы, инвестиция көлемі - 70 млн долларды құрайтын жоғары сапалы әк өндіретін бельгиялық Carmeuse Group компаниясын, инвестиция көлемі - 220 млн доллар болатын сода күлін өндіретін түріктің Yildirim Holding компаниясын, инвестицияларының көлемі - 194 млн доллар болат құбырларын шығаратын қытайдың CNPC және цемент өндіретін China Gezhouba Cem компанияларын атауға болады.