Интернет үстемдік құрып тұрған мезетке қарамастан бүгінгі оқырман үшін ақпарат көзі, жаңалықтың тынысы болып отырған газет-журналдардың рөлі жоғары.
«Егемен Қазақстан» газеті оқырман үдесінен шығу мақсатында күнделікті өмір тынысын дөп басып, өңір жаңалықтарын, еліміздің әдеби-мәдени өмірін, әлеуметтік-экономикалық жағдайлар туралы ақпараттарды қалт жібермей назарда ұстап келеді. Бүгінде ел өмірін «Егеменнен» танып-біліп отыратын оқырмандар аясы көбеюде. Таралымы жағынан баспасөз айдынында көш бастап тұрған ел газетіне 2019 жылға жазылу науқаны да қарқынмен басталып кетті.
Газетке келесі жылға алғашқы болып жазылған оқырман редакциямызға келіп, Алматыдағы шағын ұжыммен кездесіп, жүрекжарды пікірін білдірді. Роза Жөнсізбаева газетті отыз жылға жуық тұрақты жаздырып келеді. Көптеген жылдар «Қазпоштада», кейіннен аудиторлық компанияда қызмет атқарған Роза Баяхметқызы газет-журналдарды жаздырып алып оқуды дәстүрге айналдырған. Осынау отбасылық игі істің жанашыры – қаржы саласында, қалалық әкімшілікте көптеген жылдар еңбек етіп, бүгінде зейнет жасына шыққан отағасы Асылбек Шымшықбайұлы. Газеттің әр нөмірін мұқият қарап, газет тігіндісінің толыққанды болуын өзі қадағалап отырады. Тіптен, газет бетіндегі мақалалар жайында жақындарымен ой бөліскенді ұнатады.
Қалыптасқан дәстүр бойынша газет қызметкерлері редакцияға келген Роза Баяхметқызына арнайы сый-сияпат ұсынып, алғыс білдірді.
Осы орайда редакция мен оқырман арасындағы дәнекер, 25 жылдық тарихы бар «Қазпошта» ұжымының еңбегі зор екенін айта кеткен абзал. Алматыпоштамт директоры Ержан Тасмұханның айтуынша, «Қазпоштаның» бүгінде оңтүстік астанада жүзден астам бөлімдері жұмыс істейді. Ал жақында «Grand Park» сауда орталығында ашылған бөлімшесінде «Жазылушылар күні» ұйымдастырылып, пошта қызметінің заманауи үлгілері таныстырылды. Жаңа заманғы үдерістерге орай «Қазпошта» жылдам әрі сенімді тасымалдаушы ретінде нарықтағы жоғары сұранысқа ие компания мәртебесі үшін әрқашан қызмет сапасын жетілдіріп, тұтынушыларға қолайлы жағдайлар туғызып отыруды мақсат етіп келеді.
Эльвира Серікқызы,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ