Мәжілісте Палата Төрағасының орынбасары Г.Исимбаева Бүкілқытайлық Халықтық саяси-консультативтік кеңесі комитеті төрағасының орынбасары, ҚХР этностық істер бойынша мемлекеттік комитетінің төрағасы Батэрмен кездесті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Әңгімелесу барысында екі ел арасындағы стратегиялық және парламентаралық әріптестікті нығайту мәселелері талқыланды.
Г.Исимбаева Қытай Қазақстанның сауда-экономикалық және инвестициялық салада ірі әріптестерінің бірі екенін атап өтті. Осы ретте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол» мен Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» бастамалары аясында бірнеше ортақ бағдарламалар жүзеге асырылып жатқанын айтып, ол екі мемлекет арасындағы қарым-қатынасқа ғана емес, жалпы жаһандық экономиканың жандануына және дүниежүзілік тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға оң серпін беретініне тоқталды.
Сондай-ақ жүздесу барысында барлық сала бойынша әріптестікті дамытудың өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды.
Кездесуге Мәжіліс депутаттары Мұхтар Ерман және Қанат Мусин қатысты.