Тау қойнауындағы шағын қала – Текелі. Облыс орталығы Талдықорғаннан небәрі отыз шақырым жер. Екі қаланың арасындағы жол... Жол емес-ау, даңғыл. Рас айтам. Әлемдегі ең озық стандарттарға ұялмай-қызармай жауап бере алады. Қысқаша түйіндесек: «Тақтайдай теп-тегіс».
Ал енді осы жолдың қос қапталындағы сұлу табиғатқа қараңызшы! Ол суретті тілмен суреттеп жеткізу қиын-ау. Қиын. Ақ сәлделі көгілдір таулар мен жазықтағы жап-жасыл шалғынға қарап таңдай қағып, бас шайқап отыра бергеннен басқа амалың жоқ.
Қазақстан картасындағы жіп-жіңішке көк жолақ сызық – әйгілі Қаратал өзені де міне, осы Текеліден басталады. Дәлірек айтқанда, тау шатқалын жаңғырықтыра сарқырап ағатын қос өзен – Шажа мен Қора қаладағы ГЭС тоспасына жете бере қосылып, әрі қарай Қаратал деген атауға ие болады.
Мың сан бұлақтардан өрілген Шажа өзені мөп-мөлдір. Түбіндегі майда құмның арасынан жылтырап, күн көзіне шағылысып, жалт-жұлт етіп ұп-ұсақ алтын қабыршақтар көрініп жатады. Еріксіз еңкейіп, құммен бірге уыстап алып қарайсың. Жұп-жұқа, биттің қабығындай ғана. Сөйтсе де оны қайтып суға тастауға қимайсың. Өзіңмен бірге алып кеткің келеді. Өйткені ол – алтын ғой!..
Текелінің бір тұрғыны айтады:
«Баяғыда-а біздің бабаларымыз жаңа сойылған малдың терісін осы өзеннің бас жағына лақтырып, сона-а-ау төменгі жақтан тосып алады екен. Асау өзен әлгі теріні домалатып, тастан-тасқа соққылап, ұмар-жұмар ғып әкелетін көрінеді. Ал содан соң суын сорғытып, күнге кептіріп, құмын қаққан кезде биттің қабығындай ұп-ұсақ алтын қабыршақтар жалтырап, жүнге ілініп қалатынға ұқсайды».
Иә, біздің бабалар оны кәсіпке айналдырмаса да азын-аулақ нәсібіне жаратқан болар-ау, шамасы.
Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»