Қызылорда облысында жастар ұйымдарының басшылары Мемлекет Басшысының Жолдауда жастарға байланысты айтқан тапсырмаларын орындауға барынша кірісіп жатыр.
Облыстық «Жас Отан» Жастар қанаты қараша айында жастар ұсыныстарын қабылдау мақсатында «Jas Otan Orda» ресми сайтын іске қосылды. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте «Жас Отан» Жастар қанаты қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Талғат Тілес: - Қазіргі таңда жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі көңіл алаңдатады. Елбасымыз өзінің Жолдауында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын 2025 жылға дейін созуды жүктеген болатын. Осы орайда, аймақ басшысының бастамасымен облыстық мәслихат, облыстық «Нұр Отан» партиясының, қоғамдық кеңестің шешімімен Қызылорда облысында 2018-2020 жылдар аралығын жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылдары деп жарияланды.
Бұл қабылданған шешім өз кезегінде жастар арасындағы кәсіпкерліктің дамуына ерекше импульс берері сөзсіз.
Елбасымыздың өзі Сырды Алаштың анасына балады. Киелі мекенде келер жылы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың келісімімен республикамыздың белсенді жастары Сыр елінің тұнған тарихымен, мәдениетімен, табиғатымен танысу мақсатында «Жас Отан» Жастар қанатының «Жастар-Отанға!» республикалық лагерін облысымыздағы Қамбаш көлінде өткізуді ұсынамыз!, - деді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»