Бүгін Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде «Заманауи білім: әдіснама, теория мен тәжірибе» атты халықаралық конференция өтті.
Аталған конференцияға АҚШ, Ресей, Беларусь, Латвия, Англия, Чехия, Германия және өзге де мемлекеттің ғалымдары қатысып, пікір алмасты. Көне Тараз төрінде қолға алынған ғылыми-практикалық конференцияның жинағына алдын-ала мақала жіберген қатысушылар іріктелген. Олар өз жұмыстарында қазіргі білім саласына үлес қосудың тың жолдарын қарастыра отырып, баршаның мүддесін қамтамасыз ететін пікірлерін алға тартты. Ғылыми шараны аталған университеттің оқу әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры Сәуле Әлімбаева ашты.
Жаңа дәуірдің оқу бағытын саралаған жиында білім бағдарламасын қайта құрып, тың әдістердің енуін қамтамасыз ету, сондай-ақ, заман талабына сай педагог мамандарды оқытып, тәрбиелеп шығарудың маңызы алға тартылды.
Ал Германиядан келген PhD доктор Готфрик Томас «Еуропадағы CLIL-сабақтарының тарихы, мінездемесі және проблемалары – теория және тәжірибе туралы кейбір негізгі идеялар» тақырыбын қозғады. Бұдан бөлек спикерлер қатарында Вильдау қолданбалы ғылымдар университетінің профессоры Питер Ендерс, АҚШ-тағы Евергрин мемлекеттік колледжінің PhD докторы Нэнси Коппелман және тағы да басқа азаматтар болды. Сонымен қатар, доцент Нарима Есенова, доцент Асылжан Кенжекерейұлы, PhD доктор Раушан Таубаева, PhD доктор Гүлнұр Исабекова және PhD доктор Перизат Құдабаева өз ойларын ортаға салды.
Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы