Алғаш рет өткізіліп отырған шараның басты мақсаты - өңірдің туристік әлеуетін арттыру. Иә Шардара ауданы «Аққала» демалыс аймағының жағалауында өткен «SAFARI SHARDARA» атты фестивальде арнайы көрме де ұйымдастырылды, балық аулаушылар да жарысты.
Халықаралық деңгейдегі сайыстар да өткізілді. Атап айтқанда, қазақша күрес, желкенді қайық, академиялық есу, жағажай волейболы мен футболы, қол күресі, гир көтеру, арқан тарту, бөренеге өрмелеу, қошқар көтеру сынды жарыстар бойынша қатысушылар бақ сынады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді облыс әкімі Ж.Түймебаев арнайы сыйлықтармен марапаттады. Сондай-ақ, қонақтар Шардара ауданының тарихымен, ауыл шаруашылығы өнімдері және ұлттық қолөнер көрмесімен танысты.
Аудан өнерпаздары арнайы мерекелік «Safari Shardara» әнін орындады. Түркістан-Отырар-Шардара бағытында жүріп өткен мотобайкерлер сахна алаңында «MOTOKROSS» өнерін көрсетіп, жиылған қауымды шеберліктерімен тамсандырды. Су айдынындағы қайықтар шоуы да әсерлі болды. Сайысқа қатысқан 15 балықшы қайықпен жағалауға келіп, еліміздің Туын желбіретті. Байдарка есушілер өнері «Қазына», «Шамсинур» би топтары және цирк өнерпаздарының хореографиялық композициясына ұласты.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы