Астанадағы Достық үйінде еліміздегі ұлтаралық татулық пен бірлікті, қоғамдағы бірлікті дәріптеп, осы салаға қалам тартып жүрген бір топ журналист марапатталды.
Дәстүрлі «Бірлік жаршысы» журналистер байқауының қорытындысы жарияланды. Қазақстан халқы Ассамблеясының астаналық филиалы мен Астана қаласы әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастыратын бұл байқау биыл Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай этносаралық келісім тақырыбы бойынша өтті.
Қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге бағытталған талдамалы тұрғыда үздік материал бойынша 1-орынды көкшетаулық «Көкшетау» газетінің журналисі Гәкку Асылбекқызы көрінсе, Қазақстан халқы Ассамблеясы сайтының журналисі Рауан Есқали 2-орын, «Алматы ақшамы» газетінің журналисі Ермек Жұмахметұлы жүлделі 3-орыннан көрінді.
Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметін көрсетуге бағытталған үздік мақалалар бойынша «Астана ақшамының» журналисі Гүлмира Аймағанбет үздік атанса, жүлделі 2-орын «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Венера Түгелбайдың, 3-орынға алматылық «Ахыска» газетінің қызметкері Кальбинур Хошназарованың байқауға жіберген мақалалары лайық деп танылды.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»