• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Қазан, 2018

«Түркі дүниесі» кітабында TWESCO-ға жоғары баға берілді

708 рет
көрсетілді

Әзербайжан Республикасында жарық көрген  5 томдық «Түркі дүниесі» атты кітапта Халықаралық Түркі академиясының (TWESCO) миссиясы, қызметі мен  жүзеге асырған жобаларына қатысты кең мәлімет берілді.

Кітапта  TWESCO жаһандық  деңгейде түркологияға қатысты зерттеулерді   жүзеге асырып келе жатқан және ұйымға мүше елдердің  әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар саласындағы ортақ мәселелерін  үйлестіретін халықаралық орталыққа айналғаны айтылған. Еңбекте Академия  Еуропа, Америка мен Азияның түркологиялық орталықтарынан ондаған ғалымдар мен зерттеушілерді  қатыстыра отырып көптеген ғылыми жобаларды жүзеге асырды. Бұл жобалар аясында Түркі дүниесінің  қадым заманнан бүгінге дейінгі тарихы, тіл және әдебиет, мәдени-рухани, экономикалық және халықаралық  байланыстарына қатысты кең көлемде зерттеулер жасағанына көңіл бөлінді. Сонымен қатар, аймақтың әлеуметтік  және гуманитарлық мәселелері де қарастырылып, шешу жолдарына бағытталған ғылыми зерттеулер мен көне түркілер өмір сүрген  аймақтарда археологиялық қазба жұмыстары жүргізіп отырғаны туралы да мәліметтер келтірілген.

Сондай-ақ,  профессор Дархан  Қыдырәлінің басшылығымен TWESCO  Түркі кеңесі мемлекет басшыларының тапсырмасы аясында Түркітілдес  мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне мүше елдердің орта мектеп оқушылары үшін  «Ортақ түркі тарихы» оқулығы әзірлегені де айтылады. «Аталар мирасы» мультимедиалық жобасы іске қосылды. «Ортақ түркі әдебиеті», «Ортақ түркі  географиясы» жобаларына қатысты жұмыстар жалғасып жатыр. Мемлекет басшыларының тапсырмасына орай Академия «Түркі тілдес мемлекеттер интеграциясы  тұжырымдамасы» жобасын даярлады. TWESCOөзара тығыз қарым-қатынас орнатудың нәтижесінде қысқа мерізім ішінде İSESCO-ға бақылаушы мәртебесін алды. БҰҰ (ECOSOC),  БҰҰ-ның Өркениеттер альянсы (UNAOC),UNESCO, İSESCO, SESRIC, ECO (SF), COMSTECH (OIC), İRCİCA тәрізді ұйымдармен, Әзербайжан, Ресей, Қырғызстан, Түркия, Түркіменстан,  Өзбекстан, Татарстан, Башқұртстан, Мажарстан, Моңғолия, Жапония ғылым академияларымен, Қытай әлеуметтік ғылымдар академиясымен (CASS), АҚШ-тың жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен ынтымақтастық  меморандумдарға қол қойып, халықаралық әріптестік желісін қалыптастырды.

«Түркі дүниесі» кітабында  Академия жыл сайын Астанада  дәстүрлі түрде ұйымдастырып келе жатқан «Ұлы Дала» гуманитарлық  форумының халықаралық деңгейде таныла түскеніне тоқталған. Сондай-ақ,  БҰҰ штаб-пәтерінде ұйымдастырылған «2030 жоспары үшін Жібек жолы бойындағы синергия»  атты халықаралық симпозиумының, Парижде, UNESCO-ның штаб-пәтерінде  өткізген «Рухани жаңғыру және мәдени мұра: қадымнан келешекке түркі тілі» атты  форумның халықаралық сахнадаға айырықша беделге ие болғаны атап өтілген. Сонымен бірге,  TWESCO-ның Түркі дүниесінің көне тарихи мирасын зерттеу мақсатында Алтайға, Моңғолиядағы  «Шивээт улаан» ғұрыптық кешеніне, Қазақстанның Ұлытау өңіріне ұйымдастырған ғылыми-зерттеу экспедицияларының да маңызды екендігі айтылған. Кітапта  Халықаралық Түркі академиясының 100 ден астам іргелі еңбектер жариялағаны, соның ішінде «Алтай Республикасындағы көне түркі жазба ескерткіштері», «Көне түркі  сөздігі», «Түркі халықтарының жылқы мәдениеті», «Аэроплан «Қазан әліпбиі», «Түркі әліпбилерінің 20-30 жылдардағы жаңартылу тарихына қатысты жаңа деректер», «XV-XVIII ғасырлардағ Қазақ хандығы тарихына  қатысты құжаттар» (8 тілде), «Манас энциклопедиясы», «Манас сөздігі», «Шыңғыс Айтматов. Империяның соңғы жазушысы», сондай-ақ Түрк әлеміне танылған өзге де авторлардың сирек кітаптарын жариялағаны туралы дерек келтірілген.

Сонымен қатар,  кітап авторы,Әзербайжан Республикасы  Парламентінің депутаты, философия докторы  Жаваншир Фейзиевтің «Түркі дүниесі» атты көп томдығында  Түркі өркениетінің тарихи эволюциясы мен негізгі құндылықтары,  түркі тілдері тобы, жалпы түркі тарихы мен мәдениеті, саясаты мен  дипломатиясы, түркілердің өмір салты, әдет-ғұрыптары, әмбебап-мультикультурист   дүниетанымы, түркішілдік идеологиясы мен оның өкілдері, түркі әлемінің танымал тұлғалары,  түркі этнографиясы, түркілердің мемлекетшілдік тарихы мен генеологиясы, қазіргі түркі республикалары мен  олардың өзара байланыстары және өзге де мәселелер қамтылған.