• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Қазан, 2018

Біріккен Ұлттар Ұйымының Алматыдағы үйі ашылды

405 рет
көрсетілді

Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының үйі ашылды. Мегаполистегі Ботаника бағы мен «Атакент» көрме орталығына және негізгі магистральдарға жақын орын тепкен сәулетті ғимараттың ашылу рәсіміне елшілік корпустарының және БҰҰ-ның 14 өңірлік офисінің өкілдері қатысты.

Жаңа нысан беделді ұйым­ның жоғары халықаралық стан­дарт­тарына және қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталған. Мұнда БҰҰ-ның агенттіктері мен әкімшілік өкілдері жұмыс істейтін болады. Кеңсенің ашылу рәсіміне арнайы келген ЮНИСЕФ-тің Еуропа және Орта­лық Азия елдері бойынша өңірлік директоры Афшан Хан Ал­матыдағы жаңа офистің өңір­лік өкілдіктер қызметіне тың серпіліс беретінін және Қазақ­станның өркендеуіне зор үлес қосатынын, ал Қазақ­стан­ның БҰҰ-ның одан әрі дамуы­на барынша ықпал ететінін атап өтті. 

– Өз кезегінде БҰҰ Бас хат­шысының атынан Қазақстанға, Сыртқы істер министрлігіне, қала әкім­шілігіне осындай игі шара­лар­ды жүзеге асырғандары және бар­лық өңірлерде тұрақты даму­ды мақсат еткендері үшін алғыс ай­тамын. Бұл жаңа офис ха­лық­­ара­лық ұйымдармен ғана емес, соны­мен қатар елдің да­рын­ды жас­тарымен ынты­мақ­тас­тық­ты одан әрі нығайтуға жаңа мүм­­кін­діктер береді, – деді Афшан Хан.

Бұған дейін шаһарда іске қосылған «Қала адамдар үшін» концепциясы аясында қоғам­дық кеңістік модернизация­лануда, әсі­ресе мүмкіндігі шек­теулі жан­­дарға барлық жағдай жасал­ған. БҰҰ-ның Даму бағдар­лама­сына сай «Тұрақ­­ты көлік» жоба­сы да жүйе­лі жүзе­ге асып келе­ді. Мем­лекет бас­­шы­сы­ның инс­­титут­тық ре­фор­­ма­лары­­ның арқа­сын­да тұрақ­ты эконо­ми­ка­лық өсім қам­тамасыз етілген. Ал­маты­да 29 консулдық пен сау­да өкіл­дігі бар, сонымен қатар ірі транс­ұлттық компа­ния­­лар­­дың 60-тан астам кеңсе­лері орналасқан.

Алматының тұрақты даму қағида­сын ұстанатынын тілге тиек еткен қала әкімі Бауыр­жан Байбек: «Қазақстан – бейбіт­шілікті сүйетін әрі қауіпсіз ел. Біз қаланы халықаралық ұйым­дардың өңірлік хабына айнал­дыру үшін жүйелі жұмыс­ жүргізіп келеміз. Бірік­кен Ұлттар Ұйымының жаңа үйі­­нің тұсаукесері біздің ортақ ын­ты­мағымыздың тарихына алтын әріптермен жазылатынына сенімдімін» деп атап өтті.

Аталған ұйымның еліміздегі өкілдігі жаңа ғимаратқа биылғы жылдың соңына дейін көшеді деп жоспарланған.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»