Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында айқындалған мақсаттардың жүзеге асырылуына қатысты жұмыстармен танысу үшін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Алматы облысына жұмыс сапарымен келді.
Үкімет басшысы алдымен Талдықорған әуежайының жаңадан пайдалануға берілген терминалының жұмысымен танысты. Толық жаңғыртудан өткен әуежай терминалы ел іші мен халықаралық әуе қатынасына қызмет көрсетуге лайықталып жабдықталған. Тұрғындар саны 2 млн адамнан асқан Жетісу өңірінде әуе жолын тұтынушылар қатары жыл сайын артып келеді. Өңірдегі туризмнің дамуы халықаралық әуе бағыты бойынша қызмет көрсетуге де сұраныс тудырып отыр. Осы жерде Б.Сағынтаевқа Үшарал қаласындағы күрделі жөндеуден өткен әуежайдың қызметі таныстырылды. Биылғы көктемде Алакөл ауданында отандық туризмді дамытуға арналған жиын барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев туристердің әуе қатынасына деген сұранысын ескеруді, сондықтан Үшарал әуежайын талапқа сай жөндеуді тапсырған болатын. Қысқа мерзімде толықтай жөнделген әуежай маусым кезінде ел аумағынан бөлек Ресейдің бірнеше қаласынан тікелей әуе рейстерін қабылдады.
Үкімет басшысы мұнан кейін Панфилов ауданындағы «Нұр жолы» автокөлік өткізу бекетіне барды. Тәулігіне 2200 жүк көлігі мен 300-ден астам жолаушылар көлігіне қызмет көрсететін кеден өткелі жақында пайдалануға берілген болатын. Сапар «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығында жалғасып, шекараның қазақстандық бөлігінде орын тепкен «Самұрық» алаңын аралауға ұласты. Жалпы бұл орталық күніне 5 мың адамға қызмет көрсетеді. Сондай-ақ Б.Сағынтаев осы ауданда жаңадан бой көтерген «Нұркент» қалашығының тыныс-тіршілігімен де танысты. Құрылысы 2013 жылы басталған Нұркент қаласының жалпы аумағы 1460 га. Болашақта қала халқының саны 100 мың адамға жетеді деп күтілуде. 2022 жылға дейін Нұркентте аумағы 1 млн шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалуға берілмекші. Қазір құрылыс қызу жүріп жатыр. Бұл 50 мың адамның баспаналы болуына жол ашпақ.
Талдықорған қаласында қайта жалғасқан жұмыс сапары «Салтанат сарайымен» таныстықтан кейін облыстың денсаулық сақтау саласы қызметкерлерімен кездесуге ұласты. Жиында Үкімет басшысы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жуырдағы Жолдауында айтылған әлеуметтік бағыттардың басымдығына мән беріп, медицина қызметкерлерінің алдында тұрған жауапты міндеттер жайына тоқталды. Үкімет басшысы Жолдау жүктеген міндет бойынша 2019-2020 жылдар аралығында денсаулық сақтау қызметкерлері, оның ішінде учаскелік дәрігерлер мен медбикелердің еңбекақысы 20 пайызға өсетінін айтты. Бұл еліміз бойынша 10 мың учаскелік дәрігер мен 30 мың медбикенің айлық табысын еселеп арттыруға мүмкіндік бермек. Кездесуде облыстағы медициналық ұйымдардың өкілдері денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қатысты өз көзқарастарын білдірді, соның ішінде Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясындағы пікірлерін ортаға салды. Мысалы, Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының директоры Сәуле Құсмолданова жалақының 20 пайызға көтерілуі қызметкерлердің жұмысқа ынтасын арттырып, облыстағы денсаулық сақтау мекемелеріне білікті кадрлардың келуіне жол ашатынын айтты. Жалпы, мемлекет қолдауының арқасында өңірдегі емханалардың техникамен жабдықталуы 94 пайызға жеткен. Бұл үрдіс негізінен ауылдық аймақтарда жүзеге асырылуда.
Б.Сағынтаев келесі кезекте Көрме орталығында Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысты. Облыстың экономикалық әлеуеті жайлы әңгімелеген аймақ басшысы Амандық Баталов Премьер-Министрге соңғы төрт жылда өңір экономикасының өсімі 4,2 пайызға жеткенін айтты. Ал биылғы жартыжылдың қорытындысы бойынша Алматы облысының жалпы өңірлік өнімі бірінші жартыжылдықта 1,09 трлн теңгені құрады. Жалпы республикаға шаққандағы шаруашылық өнімінің 17 пайызын Жетісу өңірі беріп отыр. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауын жария еткен жиында Алматы облысындағы серпінді жұмысты атап айтып, лайықты баға берген болатын. Осы жерде Премьер-Министр өңірдегі кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Кездесуде ел экономикасын дамытудағы кәсіпкерлердің үлесі мен жауапкершілігіне маңыз берген Үкімет басшысы мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында жасалып жатқан жұмыстарға орай кәсіпкерлердің пікіріне құлақ асты. Өз кезегінде сөз алған өңірдегі қуатты кәсіпорындар мен бизнес-қауымдастық басшылары Елбасы Жолдауында айтылған жалақының ең төменгі мөлшерін көтеру туралы шешімді қуаттайтынын жеткізді.
– Қазір бізде 160 адам жұмыс істейді. Біз өз жұмыскерлеріміздің жалақысын үнемі көтеріп отыруға тырысамыз. Бұған дейін барлық жұмыскердің жалақысын 50 пайызға көтердік. Елбасы Жолдауынан кейін еңбекақыны тағы көтеру керек деген шешімге келдік. Өйткені халықтың әл-ауқатын шынымен де арттыру керек. Осы жолы біз жалақыны тағы да 15 пайызға өсіреміз, – дейді «Алматы бояулары» ЖШС директорлар кеңесінің төрайымы Римма Салықова.
Сондай-ақ Премьер-Министр Талдықорғанда биыл іске қосылған №28 мектеп-лицейдегі заманауи ақпараттық технологиялардың оқытылу барысымен танысып, өңір ұстаздары мен ата-аналар қауымдастығы өкілдерімен жүздесті. Кездесуде алдағы үш жылда Жолдауды іске асыруға 1,75 трлн теңге жұмсалатынын айтқан Премьер-Министр Үкімет ең төменгі жалақыны 1,5 есеге, яғни 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін арттыруға дайын екенін жеткізді. Оның ішінде педагогикалық қызметкерлердің еңбекақысы 35 пайызға көбеймек. Ал білім саласын қаржыландыру 2,4 трлн теңгеге дейін артады.
Күн тәртібіндегі міндеттерге орай облыста цифрландыру бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 21 роботты техника кабинеті, 11 IT-сыныбы және 2 IT-орталық ашылған. Ал Елбасы Жолдауында нақтыланған 3 ауысымды мектептердің санын азайту жөніндегі жұмыстар бойынша аймақта 22 білім беру нысаны салынып жатыр. Жыл соңына дейін 2 мектептің, 1 балабақша мен 1 музыка мектебінің құрылысы аяқталады.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы