Астанада Президент Әкімшілігінің Басшысы Әсет Исекешевтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысы болып өтті.
Ұлттық комиссия отырысының күн тәртібі бойынша негізгі мәселе – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудың және бағдарламаны басқару кеңсесінің қызметін ұйымдастырудың нәтижелері талқыланды.
Ұлттық комиссия төрағасы отырысты ашудағы сөзінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының негізгі бағыттарын іске асыру аясындағы ерекше маңызын атап өтті.
Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мазмұнын байытып, жаңа бағыттармен толықтырудың маңыздылығына тоқталды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, таяу уақытта жаңадан «Ауыл – ел бесігі» және «Өз жеріңді танып біл» жобалары іске қосылатын болады, олар ауылдық елді мекендерді дамытуға қосымша серпін бермек, – деді Ә.Исекешев.
Комиссия отырысында, сондай-ақ Оңдасын Оразалин, Аида Балаева, Дәурен Абаев, Арман Евниев, Дархан Калетаев, Арыстанбек Мұхамедиұлы және Рауан Кенжеханұлы сөз сөйледі.
Ұлттық комиссия отырысында бейнебайланыс режімінде Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдері тыңдалды.
Талқылаулар қорытындысы бойынша Ұлттық комиссияның төрағасы Үкіметке 2018-2019 жылдарға арналған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі бірыңғай жоспар әзірлеуді, Ауыл шаруашылығы министрлігіне «Ауыл – ел бесігі» жаңа әлеуметтік жобасын іске қосуды тапсырды.
Өңірлер басшыларына жергілікті жерлерде бағдарламаның тапсырмаларын барлық басымдық бағыттары бойынша нақты мақсаттар мен нәтижелерге қол жеткізуге көңіл бөле отырып іске асыру жөнінде тапсырмалар берілді.
Айта кетерлігі, Ұлттық комиссия Президент Жарлығымен қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру, елдің одан әрі ілгерілемелі мәдени-гуманитарлық дамуын қамтамасыз ету мақсатында құрылған. Комиссия құрамына танымал қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жазушылар, журналистер, Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің өкілдері, Үкімет мүшелері, өңірлердің, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, саяси партиялар өкілдері кірген.