• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Медицина 29 Қазан, 2018

Солтүстік Қазақстанда 38 ауыл таратылады

738 рет
көрсетілді

Экономика басқармасының деректері бойынша өңірдегі 160 елді мекенің әлеуеті жоғары, 482-әлеуеті  орташа, ал 22-і әлеуеті төмен ауылдар санатына жатқызылған.

Ауылдық  аумақтарды тарату бөлімінің жетекшісі Жанар Ахмиеваның айтуынша,  былтыр төрт ауылдың тұрғындары басқа жерлерге көшірілсе, биыл болашағы бұлдыр ауылдардың саны 10 есеге көбейген.

«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық орналасуы туралы» Заңның 3-ші бабы 4-ші тармағына сәйкес тұрғындар саны 50-ден аспайтын ауылдар жақын маңайдағы елді мекендердің құрамына қосылады. Облыста осындай 103 ауыл бар. Олардың 17-і шекара маңында орналасқан. Ауылда бір тұрғын қалса да, электр қуатынан ажыратылмайды», дейді Ж. Ахмиева.

Жергілікті атқарушы органдар елді мекендерге әлеуметтік-экономикалық дамыту мониторингін жүргізіп, келешегі жоқ ауылдарды анықтаған. Соған орай адамдар саны 10-нан аспайтын  38 елді мекенді тарату жұмыстары жүргізілуде. Бұлардағы 153 тұрғынның үштен бірі–зейнеткерлер мен балалар. Келешегі жоқ деп танылған ауылдарда мектеп, аурухана жұмыс істемейді. 5 ауылға ауыз су тасып жеткізіледі. 33 ауыл орталықтандырылмаған су жүйесін тұтынады.

Жуырда қоғамдық кеңесте 15 ауылдың жайы қаралып, ұсыныс облыстық мәслихатқа жіберілді. Солардың бірі Есіл ауданы Калиновка ауылында 6 адам тіршілік етеді. Кезінде мұнда 300 тұрғын болыпты.  Қызылжар ауданы Янцено ауылында  бір ғана отбасы түтін түтетіп отыр.

Алайда, адамдар кімнің есебінен көшіріледі деген сауалдың басы ашық күйінде қалып отыр. Бұл мақсат үшін жергілікті қазынадан қаражат қарастырылмаған.  Баспана сатып алу, әрлі-берлі жол шығындарын көтеруге онсыз да  тұрмысы жүдеу, көңілі түсіңкі тұрғындар қауқарсыз. Бұл міндет аудандық әкімдіктерге жүктелгенмен, олар да шарасыз.

Ендігі бар үміт–үкіметте. Әйтпесе, шықпа жаным шықпамен әзер күн көріп отырған ауылдықтар ескі жұрттың орнын сипап отыра беруге мәжбүр.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы