• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Қазан, 2018

Алматыда Алатау ауданының 10 жылдығы мерекеленді

1110 рет
көрсетілді

 

Осыдан тұп-тура он жыл бұрын Мемлекет басшысы алып мегаполис Алматының тынысын одан ары кеңейту мақсатында шаһардан  жаңа  Алатау ауданын құру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Санаулы жылдар ішінде сәулетті үйлері сап түзеп, экономикасы еңсе тіктеген жас ауданның бүгінгі келбеті көңіл қуантады.

Бүгінде Алатау ауданы мегаполистің жедел өркен жайған елді өңіріне айналды. Он жыл ішінде тұрғындары  70%-ке өсіп, халық саны 250 мыңнан асып жығылған. Орталықтандыру қағидасы бойынша мұнда 12 мектеп, осыншама медициналық мекеме, сонымен қатар 98 мемлекеттік және жеке бала бақшалар ашылған.

Шаһар басшысы өз сөзінде, 10 жыл ішінде ауданды дамытуға 430 млрд. теңге жұмсалғанын, 30 мыңнан астам жұмыс орны құрылғанын, 2,7 млн.кв.м. тұрғын үй салынғанын айтады.

– Елбасы осы 10 жылда Алатау ауданына 10 рет келді. Мемлекет басшысы ауданның даму барысымен тұрақты танысып, ұдайы қолдау білдіруінің арқасында бүгінде Алатау ауданы қала тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа орталыққа айналды. Бүгінгі күні қаламыздың әрбір 7-ші тұрғыны Алатау ауданында  тұрады, сондықтан жайлы қала кеңістігін құру мақсатында биылғы жылы 600 орынды тағы бір мектеп және 880 орынды төрт жаңа бала бақша іске қосылады. Бұлардан өзге, тағы бір жаңа аурухана мен екі емхана салынады – дейді Бауыржан Байбек.

Болашақта Алатау ауданы Алматының қуатты өндіріс орталығына айналмақ. Индустрияландыру бағдарламасы аясында мұнда арнайы Индустриалды аймақ құрылды. Қыркүйек айында ғана ауданда жапондық, ресейлік, қытайлық және итальяндық инвестициялар есебінен бірнеше жоғары технологиялы зауыттар іске қосылған болатын.

Аудан аумағында бой түзеген бірқатар мәдени және спорт объектілердің орны бөлек. Олардың ішінде «Алатау» дәстүрлі өнер тетатры, дәстүрлі музыканың мультимедиялық орталығы, Қолөнершілер орталығы, «Алматы арена» және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде жеке қаржы есебінен салынған жеңіл атлет стадионын айрықша атауға болады.

Күн санап толағайдап толысқан жас ауданның 10 жылдығы кең көлемде атап өтілді. Арнайы концерттік бағдарлама мен түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылып, Алматы аспанын ән тербеді.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ