Жарма ауданының орталығы – Қалбатау ауылында ақын, жазушы, қоғам қайраткері Тұрсынхан Әбдірахманованың 90 жылдығына орай тұлғаның еңселі ескерткіші бой көтерді.
Дұшпаныма білемін аласамын,
Достарыма биікпін, тамашамын.
Ақиқаты қазақтың ақын қызы,
Қай төріңе қойсаң да жарасамын, - деген ақынның жыр шумағы жазылған ескерткіштің биіктігі тұғырымен қоса алғанда 6 метрге жуықтайды.
Қоладан құйылған туындының авторы - бұған дейін Абай ауданында Құнанбай мен ұлы ақынның ескерткіштерін жасаған талантты жас мүсінші Нұрбол Қалиев. «Ол кісі жастайынан жетім қалып, өзінің еңбегімен, өжеттілігімен, талантымен биік белестерді бағындырған тұлға. Семейге өзі барып білімін шыңдаған. Абай ауданында комсомол қатарында болған. Сол жерде оның әншілік қабілетін бірінші байқаған жазушы Мұхтар Әуезов екен. Алматыға жетелеп әкелген де - Мұхаң. Ғабит Мүсірепов бастаған ұлылар бұл кісінің талантын бағалады. Қазақстанның Халық жазушысы, менің ұстазым Әзілхан Нұршайықов ағамыз ол кісінің төрт қасиетін - әншілігін, ақындығын, ғалымдығын және қайраткерлігін бөле жара айтушы еді.
Олжас Сүлейменов бастаған «Невада-Семей» антиядролық қозғалысына белсене араласып, сонау Санкт-Петербургте қозғалыстың бөлімшесін құрды. Кейін елімізге шет елдіктер келіп, жеріміздің байлығын тонай бастаған кезде «Сөйле, қалам» деген кітап жазып, жанайқайын жеткізді. Тұтастай алғанда, саналы ғұмырын халқына арнаған ерекше жан еді. Осы ретте Тұрсынханның ұлы, жоқтаушысы ретінде күллі жазушылар атынан алашқа аяулы тұлғаның есімін ұмытпай, ұлықтап жатқан жармалық азаматтарға, аудан басшысы Нұрлан Сыдықовқа шынайы алғысымды білдіремін», - деді ескерткіштің ашылуында сөз алған жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәбит Досанов.
Сегіз қырлы, бір сырлы тұлға есімін ұлықтауға арналған мерейтойлық шаралар одан әрі «Өркенді өлке - мерейлі мекен» деген атаумен аудан күні аясында аталып өтіп, республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты. Конференцияда әдебиеттанушы - ғалымдар Серікқазы Қорабай мен Рақымжан Тұрысбек Т.Әбдірахманованың шығармашылығы турасында баяндама жасады. С.Қорабай өз сөзінде ақынның аяқталмай қалған 5 томдық шығармалар жинағы дайындалып, шығарылса, Семей, Алматы және Астана қалаларындағы көшелерге ғалым есімі берілсе деген ұсынысын жеткізді.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Жарма ауданы,
Қалбатау ауылы
Суретті түсірген Жақсылық МҰРАТҚАЛИ