Өткен жұмада елорданың жетекші оқу орны – Назарбаев Университеттің «Рухани жаңғыру» мәдени орталығында түркі әлеміне ортақ ұлы ақын, Алаш арысы Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына арналған «Мағжан рухы және ХХІ ғасыр жастары» атты әдеби-танымдық кеш өтті.
Жастардың Мағжан Жұмабаев шығармашылығын түсініп, оқуға деген қызығушылығын ояту және ақын шығармаларына бүгінгі көзқарас тұрғысынан қарап баға беру, студенттер мен ғалымдардың арасында жанды диалог орнатуды мақсат тұтқан іс-шараға Назарбаев Университеттің вице-президенті Хадиша Дайырова, облыстық «Солтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің директоры Жарасбай Сүлейменов, Алматы қаласындағы Қазақстан-Британ техникалық университетінің профессоры, ғалым Жанар Қорабекқызы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Ғалиябану Кертаева және бас қаланың өзге де жоғары оқу орындарынан оқытушылар мен студенттер қатысты.
Назарбаев Университет – әлемдік стандартқа сай жаратылыстану мен медицина бағытында білім алатын студенттерді тек салалық дамытумен шектелмей, жастарды рухани кемелдендіру, ұлтымыздың тарихы мен дәстүрін тел еміп өскен патриот азамат етіп тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосып келе жатқан еліміздегі маңдайалды жоғары оқу орындарының бірі. 2010 жылы іргесі қаланғаннан бері үздіксіз ұйымдастырылып келе жатқан мәдени, рухани кештер соның айғағы. Атап айтар болсақ, өткен жылы «Жыр – семсер, күй – құдірет, өлең – өрнек» атты қазақтың біртуар қайраткер тұлғалары: Махамбет Өтемісұлы, Құрманғазы Сағырбайұлы және Фариза Оңғарсынованы еске алуға арналған әдеби-сазды кешке куә болсақ, биыл Ш.Айтматовтың 90 жылдығына орай «Алаштың Айтматовы» тақырыбында және бір мазмұнды шара ұйымдастырылды. «Мағжан рухы және ХХІ ғасыр жастары» – осы бір тағылымды да үлгілі үрдістің заңды жалғасы.
– Абай десе, ойымызға тұтас қазақ оралады. Яғни, Абай – қазақтың өзі болса, Мағжан – сол ұлы даланың рух туы. Сондықтан да бұл кештің ұлтымыз үшін орны да, тағылымы да зор. Мағжан мерейтойын ұлықтау шарасы жыл басында Түркияның Анкара қаласынан бастау алып, Әзербайжан мен Македония елдерінде жалғасты. Анкарада ақынға ескерткіш ашылды. Мұның барлығы дүлдүл дарынның ұлылығын, күллі түркі әлеміне ортақ қайраткер тұлға екенін әйгілейді. Біз де осы бір тамаша үрдісті үзбей, еліміздің болашақ көшбасшылары тәрбиеленіп жатқан жоғары оқу орны – Назарбаев Университетте жалғастырғымыз келді. Еліміздің кемел келешегі – өрімтал жастар кімдерді ардақтап, құрмет тұту керек деген мәселеге қазірден бастап көңіл бөлсек дейміз. Біздің мақсатымыз – балаларымызды өзіміздің тарихымыз бен салт-дәстүрімізден, ұлтымыздың ұлы тұлғаларын танудан алыстатпау. Адам қанша білімді болса да өз ұлтының болмысы мен төл тарихын білмесе, ол адамның елі үшін еміреніп, Отанына жан жүрегімен қызмет етуі мүмкін емес. Осы себепті де жастарымызды тек жаратылыстану саласымен ғана шектемей, рухани кемелдендіруге, жан-жақты, интеллектуал адам болып ер жетуіне барынша басымдық беріп, сол үшін аянбай жұмыс істеп жатырмыз, – дейді кешті ұйымдастырушы, Назарбаев Университет жанындағы «Рухани жаңғыру» мәдени орталығының директоры Гүлтас Құрманбай.
Тағылымды кеш аясында белгілі журналист Жарасбай Сүлейменовтің жетекшілігімен «Асыл кітап» баспасында жарық көрген «Мағжан Жұмабаев» энциклопедиясының тұсауы кесілді. Парасат-пайымы, ой-санасы бүкіл түркі әлеміне нұрын шашқан ұлтымыздың ұлы тұлғасы, ірі қоғам қайраткері Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылық қызметіне арналған айтулы еңбекте ақынның өскен ортасына, соңына қалырған әдеби-мәдени мұрасына, қоғамдық қызметіне қатысты мол әрі тың деректер кеңінен қамтылыпты.
Әдеби-сазды танымдық шараның тағы бір елеулі сәті – кеш аясында Назарбаев Университетте бір айдан бері өтіп жатқан «Мағжан оқулары» конкурсы мен «Мағжантану» ғылыми жобалар байқауының жеңімпаздарының есімі жарияланып, арнайы дипломдармен марапатталды. «Мағжан оқулары» бойынша 1-орын Назерке Леске бұйырса, 2-және 3-орынды Мәдина Өткелова мен Саян Қатренов бөлісті. Ал «Мағжантану» жобасының жеңімпаздары сарапшылар алқасының шешімімен, төмендегі реттілік бойынша қорытындыланды: 1-орынды Бексұлтан Қазыбай, 2-орынды Шыңғыс Айдынов, 3-орынды Дина Түлекова еншіледі. Ал қазылар алқасының арнайы сыйлығы университет студенті Дәурен Биназаровқа табысталды. Тағылым мен танымдық мәні егіз өрілген әдеби кешті Назарбаев Университеттің студенттері қазақ және ағылшын тілінде қойылған «Мен жастарға сенемін» атты әдеби-композициялық сахналық көрініспен түйіндеді.
Біз кезінде ұлы ақынның өзі жырлап өткен, жастардың бойынан отансүйгіштік сезімді анық сезіндік.
Назерке ЖҰМАБАЙ, «Егемен Қазақстан»