• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 30 Қазан, 2018

Қостанай мен Алматы облыстарының әкімдері өңіраралық ынтымақтастық меморандумына қол қойды

417 рет
көрсетілді

Амандық Баталов бастаған Алматы облысының делегациясы Қостанай облысында болды. Делегация алдымен Қостанайдың соңғы жылдардағы жетістіктері – Индустриялық аймақты, «Баян сұлу» кондитер фарикасының жаңғыртылған цехтарын, «СарыарқаАвтоПром» машина жасау зауытын және бернеше спорт нысандарын аралап көрді.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Қостанай мен Алматы облысы арасындағы экономикалық байланыс кеңейіп келе жатқандығын атап өтті. Мысалы, өткен жылы Алматыға 9 миллиард теңгеден астам соманың өнімі жіберілді. Бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда 14 процентке көп. Сондай-ақ, алматылық бизнес өкілдерінің Қостанайға жіберген өнімі де осы қаралас болады.

Архимед Мұхамбетов ынтымақтасып отырған екі облыста шекаралық өңір екенін атап айтты. Алматы облысы Қытаймен, Қостанай Ресеймен шектеседі. Мұның өзі екі облыстың да нарығын кеңейте түседі. Бұл қос облыстың меморандум бойынша екі жақты инвестиция салуына қолайлылық туғызады. Архимед Бегежанұлы Ресейге инвестиция салатын алматылық кәсіпкерлерге Қостанайда өкілдігін ашуына ұсыныс жасады. Қостанай облысының алматылықтарға сұранысына қарай ұсынары да жеткілікті.

«Біз өзімізде құрастырылып жатқан техника түрлерін, нақтырақ айтсақ, тракторлар, комбайндар және басқа да ауыл шаруашылығы техникаларын бере аламыз. Осы жылы қуатты заманауи цемент зауыты іске қосылады, сіздерге Қытаймен шекарадағы жаңадан салынып жатқан Нұркент қаласының құрылысы үшін оның өнімін артуға да болады» деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов. Сонымен қатар облыс әкімі Алматының әсем табиғаты, көрікті жерлеріне қостанайлықтарды демалуға, әсіресе, жұмысшылар мен бюджет саласының қызметкерлерін жіберуге болатынын айтты.

Ал Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өзінің туған жері Қостанай облысына келгеніне, әсіресе, оның көркейгенін, өскенін көріп қуанғанын жасырмады. Алматылық делегация Қостанай қаласындағы мемлекет-жекеменшік әріптестігімен салынған құрылыстар, қаланы көркейту жұмыстарынан озық тәжірибе де алуды ұйғарды.

Әрине, мегополис Алматы қаласы тұрған облысты Қостанай облысымен салыстыруға болмас. Оларда 6 индустриалық аймақ бар, ал Қостанайда біреуі енді салынып жатыр. Бірақ Амандық Баталов инвестиция тарту жағынан Қостанай облысының алға кеткенін мойындады. Қостанайдағы Индустриялық аймақтың инвесторлар үшін соншалықты қолайлы етіп салынып жатқанына жоғары баға берді.

Алматылық әріптестер қостанайлық инвесторларға жер телмін беруге уәде етті. Онда «Баян сұлу» кондитер фабрикасының сауда павильоны салынатын болады. Демек «Баян сұлудың» кондитерлік өнімі Қазақстанның оңтүстік аймағына шығарылуы үшін мүмкіндік туатын болады. Баталов сонымен қатар қостанайлық кондитер фабрикасы үшін қантты да сол жердегі зауыттан беруге уәде етті. Алматылықтар қант қызылшасының алқаптарын кеңейтіп жатыр. Онда Қостанайда құрастырылған «Белорусь» тракторын пайдаланатын болады. Қос облыстың әкімдері ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Онда көрсетілген негізгі жұмыс бағыттарын нақтылай түсу үшін екі облыс әкімдерінің орынбасарларына тапсырма берілді.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай