• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Қазан, 2018

Қазақстан мен Түркия – бейбітшілік миссиясында ортақ қадамдар ұстанады

376 рет
көрсетілді

Түркияның Тәуелсіздік күніне орай Түркітілдес журналистер қорының ұйымдастыруымен Түркияның Қазақстандағы Бас консулы Рыза Қаған Йылмаз қазақ  журналистермен кездесіп, екі ел арасындағы ынтымақтастық байланыстар төңірегінде пікірлесті.

Бүгінде бауырлас елдер  – Қазақстан мен Түркия арасында тарихи-мәдени байланыстармен қатар экономика саласындағы әріптестіктің тарихы тереңге кетеді. БАҚ өкілдерімен кездесуде Бас Консул байланыстары түркі әлемінің қойнауына кететін, рухы мен тарихы туыс елдердің саяси-экономикалық, дипломатиялық, тарихи және рухани мәселелер жайлы кеңінен  мағлұмат берді. Рыза Қаған Йылмаз айтуынша, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоғанның бастамасымен, екі ел арасындағы сауда айналымын жуық арада 10 миллиард долларға жеткізу мақсат етілген. Ежелгі Жібек жолын жаңғырту мақсатында қолға алынған «Заманауи Жібек жолы» жобасы мен жуырда ғана іске қосылған Баку-Тбилиси-Карс теміржол торабы бауырлас елдер арасындағы экономикалық байланыстарды нығайта түсері анық. Бүгінде қазақ және түрік инвесторлары мұнай, мал шаруашылығы, азық-түлік, фармацевтика мен экономиканың басқа да салаларда өте белсенді. Түбі бір түркі елдері саяси, мəдени, рухани бағыттағы байланыстарын Түркі Кеңесі, ТҮРКСОЙ, Түркі Академиясы халықаралық ұйымдар шеңберінде дамытып келеді. Ирак, Сирия сияқты соғыс өрті өршіген аймақтарда бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде де Қазақстан мен Түркияның мүддесі ортақ.

Бас консул Рыза Қаған Йылмаз мырза Түркияның қайырымдылық шараларына баса назар аударатынын айтты. Мəселен, түріктер Жер шарындағы көмекке мұқтаж аймақтарына 8 миллиард долларға жуық қаражат бөлген, соғыс болып жатқан елдердің азаматтарын шекарадан кедергісіз өткізіп, азық-түлік, баспанамен қамтамасыз еткен. Бүгінде Түркияда жүрген сириялықтардың  саны 4 млн асады.  Түркияның адам құқықтарын қорғау мен гуманитарлық көмек көрсету жобалары жайлы  да кеңінен мәліметтер берді. Бүгінде Түркия жер шарындағы бейбіт өмірдің орнықтылығын қалайды әрі Қазақстанмен рухани-мәдени әріптес ретінде бейбітшілік миссиясында ортақ қадамдар ұстанады.

«Сириядағы қантөгісті тоқтатуда Түркия мен Қазақстан бірлесе әрекет етіп келеді. 2016 жылы 15 шілдеде Түркияда әскери төңкеріс жасауға әрекет еткен фетуллахшылардың қылмысынан кейін Түркияға ең бірінші болып ресми сапармен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың келуі кездейсоқтық емес.Бұл бауырлас ел – Түркияға деген қолдау» деп атап өтті Бас консул.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ