Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысының барысында әділет министрі Марат Бекетаев 2019 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспары туралы баяндады.
Әділет министрлігі Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі Ведомствоаралық комиссия мүшелерімен бірлесіп Үкіметтің 2019 жылға арналған жұмыс жоспарын әзірледі. Оның негізіне ел Президенті айқындаған, мемлекеттің стратегиялық құжаттарында баяндалған міндеттер алынды.
Марат Бекетаев алдағы жылы «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы», «Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі» кодекстердің жаңа жобалары, сондай-ақ «Педагогтың мәртебесі туралы», «Мемлекеттік фельдъегерлік байланыс туралы» заң жобаларын әзірлеу көзделіп отырғанын жеткізді. Сонымен қатар мемлекеттік органдар құқықтық мониторинг нәтижелерінің негізінде бірқатар заң жобаларын әзірлеуді жоспарлап отыр.
Жалпы Жоспар жобасы 29 заң жобасын әзірлеуді қарастырады. М. Бекетаев Жоспар жобасын қалыптастыру кезінде заң жобаларын жыл ішінде Парламенттің қарауына жоспарлы енгізу қажеттілігі ескерілгенін айтты. Мәселен, 2019 жылдың І жарты жылдығында Парламентке 16, ал ІІ жарты жылдықта 13 заң жобасын енгізу жоспарлануда.
«Заң жобалардың ең көп санын әзірлеу Энергетика министрлігіне тиесілі, бұл 5 заң жобасы. Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері 3 заң жобасын әзірлейді. Ішкі істер, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, мәдениет және спорт, білім және ғылым, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері 2 заң жобасынан әзірлейтін болады», — деді М. Бекетаев.
Қорғаныс, қоғамдық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі, инвестициялар және даму, сондай-ақ Бас прокуратура, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі бір-бір заң жобасынан әзірлейтін болады.
«Жоспардың жобасы Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның отырысында талқыланды. Үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстары ескерілді. Жоспарда көзделген заң жобалары бойынша түсіндіру жұмыстарын оны қабылдағаннан кейін мемлекеттік органдар жүргізетін болады», — деді министр.