Егер топонимика географиялық объектілерді зерттейтін тіл білімінің саласы болса, топонимия – мемлекет, әкімшілік аумақ, елді мекендер мен жер-сулардың сыр-сипатын білдіретін атаулардың жиынтығы. Ал кейбір кезде белгілі атау негізгі ғылыми және практикалық қызметімен қоса, мемлекеттік пен егемендіктің басты белгілерінің бірі болатыны да бар. Оған еліміздің егемендік жариялап, ең алдымен мемлекеттің жаңа атауын Қазақстан Республикасы деп атауы айқын дәлел бола алады. Тек содан кейін еліміздің мемлекеттік рәміздері – Елтаңба, Әнұран және Ту қабылданды.
Президент Н.Ә.Назарбаев «Ана тілі» (2006 ж.) газетіне және де қазақ тілді газеттердің бас редакторларына берген сұхбаттарында да топонимикаға үлкен мән беретінін, тарихи атауларды қалпына келтірудің, қазақ атауларының орыс тіліндегі нұсқаларындағы транслитерациялық бұрмалаушылықтар мен қателерді түзетудің керектігін ескерткен болатын.
Президенттің осы ұсыныстарының негізінде ҰҒА География институты АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің «Ұлттық картографиялық-геодезиялық қоры» РМҚК-мен бірлесіп, ТМД елдерінің ішінде алғашқы болып, 1:100 000 масштабтағы топографиялық карталардың негізінде 2003-2010 жылдары барлық 14 облыс бойынша қазақ және орыс тілдерінде «Қазақстан Республикасының географиялық атауларының мемлекеттік каталогін», БҰҰ-ның Географиялық атаулар бойынша сарапшылар тобының жаңа егемен елдерге ұсынысына сәйкес, электронды және кітап нұсқалары бойынша жасап, 32 том болып жарияланды. Бірінші басылымға республиканың 118,4 мың орфографиялық, гидрологиялық объектілері мен елді мекендердің атаулары кірді.
2011-2017жылдары «Ұлттық картографиялық-геодезиялық қор» РМҚК мен География институты бірлесіп, 1:25 000 масштабтағы топографиялық карталардың негізінде каталогті қайта өңдеп, толықтырып, екінші басылымын жарыққа шығарды. Каталогтің бұл басылымы Қазақстанның 163,8 мың географиялық объектілерінің атауларын қамтиды.
Көптеген қазақша географиялық атаудың орыс тіліндегі қате нұсқалары каталогтерде түзетілді. Кейбір орысша атаулардың тарихи қазақша атаулары қалпына келтірілді. Әрине бұл процесс келешекте жалғаса береді.
Ал ендігі бір ескеретін мәселе, географиялық объектілердің кейбіреулерінің қазақша атауы қазақ тілінде де дұрыс қалыптаспаған сияқты.
Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы Көктаудың оңтүстігінде және Бесшоқы, Талды тауларының солтүстігінде бес көл – Садыркөл, Төртқара, Шалқар, Қоржынкөл, Қаракөл батыстан шығысқа қарай орналасқан. А.Н. Седельников «Алтайские озера» (ИЗСО ИРТО, 1915, Т.3, вып. 1-2, С. 3-12) деген еңбегінде «Они размещаются в интервале абсолютных высотах 715-869 м. Воды пяти озер уютно устроились в гранитных ваннах горного массива. Каждую ванну местное казахское население образно называли себет – корзинка. Затем буква и звук «т» потерялись, и Себет превратилось в Себе. Русскоязычное население трансформировало топоним в Сибин (Сибинские озера)» деп жазылған.
Бес көлдің жалпы ауданы 31 шаршы шақырым. Көлдер сатылы түрде орналасқан. Үш жағынан көлдердің шұңқырлары тасты беткейлермен қоршалған. Ал осы көлдердің тарихи атауы Сибин көлдері деп теріс қалыптасқанын айтқымыз келеді. Бұл көлдердің тарихи қазақша дұрыс атауы Сүбе көлдері (Субинские озера) болу керек.
Бұл көлдерге оңтүстігінен қарасаң қойдың сүбесін – сүбе қабырғасын еске түсіреді. Сүбе (филе, филей) қойдың соңғы қабырғасынан жамбасқа дейінгі майлы еті. Сонымен бұдан былай көлдерді Сүбе көлдері (Субинские озера) деп жазып, айтып, пайдалану ғылыми тұрғыдан дұрыс болады. Жергілікті қазақтар көлдердің географиялық ерекшеліктерін сипаттайтын атауды орынды қолданған.
Шығыс Қазақстан облысының оңтүстігі мен Алматы облысының солтүстігінде Үржар өзені ағып жатыр. Атбас тауының солтүстік-шығысынан басталып Алакөлге солтүстігінен құяды. Үржар өзені аттас Шығыс Қазақстан облысында тау, аудан және ауыл бар. Ал осы атауды қалай түсінуге болады? Орысша мағынасы «үр» – «дуть», «жар» – «обрыв». Бұл өзеннің дұрыс ғылыми аты Өржар (Орьжар) болу керек. Өйткені ұзындығы небәрі 206 шақырым, теңіз деңгейінен 2267 м биіктіктен басталып 343 м биіктікте Алакөлге құяды, яғни өзеннің құламасы (деңгей айырмасы) – 1924 м. Бір шақырым ұзындығының құламасы 9,3 м (1924:206=9,3). Ал жазықта ағатын Нұра өзенінің ұзындығы 978 шақырым, 1283 м биіктіктен басталып, теңіз деңгейінен 304м биіктікте жатқан Теңіз көліне құяды. Нұраның құламасы 4,2 м (1285-304=979), яғни 1 шақырымдағы еңістігі небәрі 1 м ғана. Осы жағдайларды ескере отырып, жергілікті халық өзенге Өржар, яғни «өрден ағатын өзен» деп дұрыс ғылыми атау берген.
Алматы облысының Кіші Алматы өзені алабының жоғарғы жағында Шымбұлақ деген Кіші Алматы өзенінің оң саласы басталады. Сол жерде онымен аттас Шымбұлақ спорт кешені орналасқан.
Осы өзеннің дұрыс ғылыми атауы Шыңбұлақ емес пе екен деген ой келеді. Өйткені «шым» (дерн) биік жерден басталып, тез ағатын өзеннің бас жағында пайда бола алмайды, ол тек тау етегінен ағып шығатын бұлақтың бастау төңірегінде қалыптасады.
Осы Шымбұлақ атауын бұдан былай Шыңбұлақ деп алғашқы жергілікті халық берген ғылыми атауын қайтарған дұрыс болар еді.
Шығыс Қазақстан облысының шығысында Катонқарағай деген ауыл, аудан бар. Орыс тілінде де, қазақ тілінде де «катон» деген сөз кездеспейді. Бұл қазақтың «қотан» деген сөзінің орыс тілінде бұрмаланған түрі болу керек. Қазақша «қотан» сөзінің бірнеше мәні бар: қотан – жазда дөңгелене тігілген көптеген киіз үйлердің ортасындағы ашық дөңгелек алаң; алқа қотан – көптеген адамдардың бір жерде дөңгеленіп отыруы; қотанда – жазда қой отарын түнде ауыл ортасындағы қоршаусыз алаңға түнету; қотандас – ауылдардың түнде малмен көрші орналасуына көмектесу.
Сонымен Катонқарағай деген атау Қотанқарағай, яғни «дөңгелене өскен қарағай орманы» деген ұғымды білдіреді.
Қазақстанның батысында Маңғыстау атты облыс, аудан, ауыл, темір жол стансасы, түбек, шығанақ, үстірт, тау, т.б. географиялық объектілер бар. Осылардың дұрыс қазақша атауы Маңқыстау яғни «қыстаудың төңірегі» деген ұғымды білдіреді. Өткен ғасырларда қазіргі Маңғыстау облысының тұрғындары жаз айларында Жем, Ойыл өзендеріне, Мұғалжар тауына дейін көшіп жайлайтын, қысты Маңғыстауда өткізетін болған. Қазақта «ғыстау» деген сөз жоқ. Қыстау сөзінен неге қашамыз? Батысында Маңқыстау түбегі мен шығысында Үстірт арасындағы жер қыста қыстайтын үлкен аймақ болған ғой.
Ал Маңғыстаудың шығысы мен Арал теңізінің батысы арасындағы аймақ Үстірт деп аталады. Осы атауды да «Устюрт» деп орыс тілінде қате жазып, пайдаланып жүрміз. Осы атауды да жергілікті халық өте дұрыс атаған. Өйткені Каспийдің шығысындағы ойпат пен Арал теңізінің батысындағы ойпаттан бұл жер теңіз деңгейінен биігірек орналасқан, осыны білген халық Үстірт деп өте ғылыми атау берген.
Сламқұл ӘБДІРАХМАНОВ,
Қазақстан Республикасы Білім
және ғылым министрлігі География
институтының аға ғылыми қызметкері