А.Селезнев атындағы хореографиялық училищеде Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын талқылауға байланысты «Өрлеу» театрында «Ұлттық құндылықтардың иесі – жастар» тақырыбында шығармашылық қауымның, оқытушылар мен студенттердің кездесуі өтті.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен мәдени шараға халық әртісі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы эстрадалық вокал кафедрасының меңгерушісі, профессор Лаки Кесоглу, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік республикалық корей музыкалық комедия театрының директоры Любовь Ни және де басқа мәдениет, өнер қайраткерлері қатысып, ел дамуындағы жастардың рөліне қатысты мазмұнды пікірлерімен бөлісті.
Училище директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ая Қалиева бүгінде Қазақстанның болашағы, дамуы, құндылықтары, экономикасының өсуі, саяси-қоғамдық өмірі жастармен тығыз байланысты екендігіне тоқталып, жастарға қолдау көрсету – ел дамуының инвестициясы екенін атап өтті. Ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап жастардың әлеуметтенуі Елбасының назарында болып келеді. Республиканың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуындағы жастардың келешегіне, білім алуы мен дамуына, белсенді еңбегіне қамқорлық ерекше.
Училищенің болашағы да жастардың өмірімен тығыз байланысты. Аталған оқу орнында би өнерінің дамуы, сақталуы мен насихатталуы жолында жастарды көптеп тартуға басымдық берілген. Сонымен қатар бәсекеге қабілетті балет әртістерін тәрбиелеу мақсатында, қазақ балетін әлемде насихаттауға байланысты «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында көптеген жұмыстар жолға қойылған. Бұл бағытта көрнекті қазақ бишісі Рамазан Баповтың шығармашылығына арналған «Рамазан Бапов. Танец длиною в жизнь», қазақ бишісі, балетмейстер Сара Көшербаеваның өмірі мен шығармашылығы туралы «Балерина» кітабы жарық көргендігін айта кеткен жөн.
Ал училище түлегі Анвара Садыкованың «Тұран дала – қыран дала» хореографиясын мысалға алған училище директоры, бұл қойылымның өн бойында бүтін бір ұлттың қалыптасуы, батырлығы, отансүйгіштігі мен қазақ халқының өз еліне деген сүйіспеншілігі жатқандығын атап өтті. Оттың жалыны, қалықтаған ауа, судың сылдыры, жердің қуаты көрініс беретін балет «Тұран» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің музыкасымен әсер арта түсіп, ерекше ізденістегі қойылым ретінде бағаланды. Либреттосын жас балетмейстер Дамир Оразымбетов жазса, костюмдердің авторы қазақстандық белгілі дизайнер Әсел Лұқпанова мен сценограф Ербол Бисеновтың шығармашылық еңбегі зор.
Шығармашылық кездесу аясында отансүйгіштік, ел мен жерге деген сүйіспеншілік, ұлттық салт-дәстүрге құрмет, жаһандану заманында рухани құндылықтарды сақтап қалуға байланысты мазмұнды ойлар айтылды.
Жас әртістер ұстаздарының пікірлерін тыңдап, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.
Эльвира Серікқызы,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ