Қазанның 29 күні Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қазақстан мен Үндістан үкіметтері арасындағы БҰҰ-ның Ливандағы Уақытша күштеріндегі үндістандық батальон құрамында қазақстандық бітімгершілік контингентті бірлесіп өрістетуге қатысты заңға қол қойды. Осы орайда, Қазақстан Қарулы Күштерінің 120 жауынгері бітімгерлік мақсаттағы операцияларды орындау үшін Ливанға аттанады.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бейбітшілік ешқандай байлықпен өлшенбейді. Сондықтан бітімгерлік миссиясы – біздің сыртқы саясатымыздың басты бағыты. Қазақстан қашан да бейбіт келіссөздерді жүргізуге жағдай жасайтын мемлекет болып қала береді» деген болатын. Қазақстанның бітімгерлік бастамалары тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ бейбіт саясат ұстанып, әлемдегі түйінді мәселелердің шешілуіне тікелей атсалысып келе жатқан мемлекетіміздің халықаралық дәрежеде танылуын жаңа сапалық деңгейге көтерді деуге болады.
Беделді халықаралық ұйымның бітімгерлік миссияны атқаратын әскеріне жасақ қосу ісі кез келген мемлекетке жүктеле беретін шаруа емес. Мұндай мәртебе халықаралық қоғамдастықта бітістіруші, үйлестіруші ретінде мойындалған елдерге ғана артылатын сенім болса керек. Бұл орайда еліміздің БҰҰ бітімгерлік әскеріне Орталық Азиядан әскер жіберуші алғашқы мемлекеттердің бірі екенін де айта кеткен жөн.
Ел сарбаздары ішкі шиеленісі өршіп тұрған мемлекетте алты ай бойы әскери қызметте болады. Олар Ливанға Үндістаннан аттанған 680 жауынгерден құралған негізгі батальонға қосалқы құрам ретінде қосылмақ. «Шиеленіс ошағында сарбаздарды қандай қауіп-қатерлер күтіп тұр? Олар қарулы қақтығыстарға қатыса ма деп алаңдаудың еш реті жоқ» дейді жауапты мамандар. Бітімгерлік батальонының сарбаздары қақтығысқа тікелей қатыспайды, керісінше, бейбіт келісімнің орындалуын бақылап, БҰҰ бітімгершілік саясатын жүргізуге атсалысатын болады. Аты айтып тұрғандай, жауынгерлер онда гуманитарлық көмек көрсету, жергілікті тұрғындарға жәрдем беру, әскери базаларды және жүктерді қарауылдау сынды бейбіт мақсаттағы тапсырмаларды орындауға жұмылдырылмақ.
Әскерилердің сапында әскери шені жоғары сақа жауынгерлермен қатар жас сарбаздар да бар. Ең бастысы, олардың барлығы әскери білігі жетік өз ісінің шеберлері. Қорғаныс министрлігінің өкілдері сарбаздар бұл әскери қызметке өз еріктерімен барғанын және жауынгерлер қатаң іріктеуден өткенін айтады. Ливан жерінде оларға жүктелетін операциялар арнаулы ережеге сәйкес жүзеге аспақ. Барлық сарбаздар алғашқы үш айда оқу-жаттығу жұмыстарынан өтеді. Әрбір жауынгер Ливандағы әскери қызметі үшін ай сайын үш еселенген мөлшерде жалақы алатын болады. Одан бөлек БҰҰ тарапынан әр сарбазға айына 1420 доллар айлық төленеді.
«Бұл бастама БҰҰ Жарғысындағы 43 бабтың мазмұнына сәйкес келеді. Ұйымға мүше мемлекеттер халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау үшін қарулы күштерді, басқа да көмек пен қызмет көрсетудің тиісті құралдарын беруге міндетті. Әскерилеріміздің БҰҰ миссиясына қатысуы халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға айтарлықтай үлес қосады. Сондай-ақ халықаралық қоғамдастықтың мүшесі ретінде, оның ішінде Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты емес мүшелігінің қорытындысын шығару аясында да еліміздің беделін нығайтады. Әр алты ай сайын ротаның жауынгерлерін ауыстырып тұратын боламыз, деген болатын жуырда ғана осы мәселеге қатысты жасаған мәлімдемесінде Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров.
Бұл жолы Ливан жеріне жіберілген 120 жауынгер – бітімгерлік миссиясына аттанғандардың алғашқы легі. Жауапты мамандардың сөзінше, сарбаздардың келесі шоғыры қаңтар айынан бастап дайындықтан өтіп, сәуірде Ливанға аттанатын болады. Халықаралық қауіпсіздікті нығайту мен қоғамды бітімгерлік саясатқа тарту бүгінде маңызды сипатқа ие болып отырған мәселенің бірі. Тәуелсіз мемлекетіміз жаһандық бейбітшілік мәселелеріне қолдау танытып, сенімді серіктестік пен берік ынтымақтастықтың бірегей озық алаңына айналып келеді. Бұл жауапты қызмет өз кезегінде мемлекетіміздің Қарулы Күштеріне зор тәжірибе жинақтап, әскери мамандардың жауынгерлік қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік бермек.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ