ТӨРТІНШІ ЕСЕП:
Үйір мен жылқы саны қанша?
Жеті ұлы бар қарияның бірнеше үйір жылқысы болыпты. Әрбір үйірдегі жылқы саны өзара тең екен. Бір үйірде қанша жылқы болса, үйірдің де саны да сонша екен. Барлық жылқылар бір ғана мамабиеден тарапты. Ақсақал қартайған шағында жан-жақта шашырап жүрген балаларын жинап, теңдей етіп енші бөлмек ниетімен балаларына: «Егер бір үйірдегі жылқыны сендерге теңдей бөлсем, алты жылқы артылып қалады. Ал барлық жылқыны теңдей бөліп енші берсем, онда бір ғана жылқы, яғни мамабие бөліске түспей артылып қалады екен. Осы мамабиені қайсыңа еншілеуді білмей отырмын. Сол себепті менің сендерге айтқандарым бойынша барлық үйір мен ондағы жылқы санын кім есептеп шығарады, соған мамабие қосымша еншілікке беремін» депті. Ал есептеп көріңіздер? Үйір мен жылқы саны қанша?
БЕСІНШІ ЕСЕП:
Ұлбике ақынның өлең есебі
Қазақтың әйгілі ақын қызы, майталман айтыскер, дәулескер күйші Ұлбике Жанкелді (1825-1849) кезекті бір айтыста өзін меңдеп бара жатқан қарсыласын сүріндіру үшін айтыс үстінде қазақтың қара есебін пайдаланып былай депті:
Сөзге шебер зор жігіт,
Ойға шебер боларсың?
Ертеден келген бір есеп,
Соны саған берейін.
Егер оны шеше алсаң,
Жеңдім сені демейін.
«Ойға зерек нар жігіт,
саналы» деп елейін...
Торсық тола айранның,
Алтыдан бірін сіміріп,
Орнына оның су құйып,
Үштен бірін және іштім.
Толтыра тағы су құйып,
Іштім шалап жартысын.
Толтыра және су құйып,
Тауыстым бәрін торсықтың.
Айтшы енді зор жігіт,
Қанша айран, су іштім?
Қайсысын және көп іштім?
Яғни, Ұлбике ақынның жоғарыдағы есеп-жырын көпшілікке түсінікті түрде қарасөзбен тәпсірлесек: әуелі торсық тола айранның алтыдан бірі ішілгеннен кейін орнына су құйылады. Осыдан кейін торсықтағы айран мен су араластырылып шалапқа айналдырылады да, тостаған тола шалаптың үштен бірі қайтадан ішіледі. Осыдан кейін де торсыққа қайтадан су толтырылып, тағы да шалап жасалады да, осы шалаптың жартысы ішіледі. Бұдан кейін торсыққа қайтадан толтыра су құйылады. Қайтадан шалап жасалады да, торсықтағы шалап түгелімен ішіледі. Сонда қанша айран, қанша су ішіледі?
АЛТЫНШЫ ЕСЕП:
Мысық пен ит
Қазақ халқының тұрмысында мысық дейтін хайуан адамдармен бірге үй ішінде еркін өмір сүреді. Басқа жануарлардың бәріне тыйым салынған. Тіпті жеті қазынаның бірі итке де. Мәселен, төбетті күшік кезінде құйрығын табалдырық үстіне қойып балтамен бірден шауып тастайды. Осыдан үрейлеген ит ешуақытта үйге кірмейді.
Бір қызығы, мысық пен ит – бітіспес жау. Яғни, ит мысықты ұстаса дереу талап өлтіреді. Ал мысық болса, өзінің жылдамдығы мен айласының арқасында итке ұстатпайды. Осы орайда ит пен мысыққа қатысты ертеден келе жатқан көне есеп: үй ішіндегі мысық дәрет сындырмақ үшін сыртқа шықпақшы. Бірақ оны есік алдында кірпік қақпай ит аңдып отыр. Әрі мысыққа қарағанда иттің жылдамдығы 4 есе артық. Егер мысық киіз үйден атып шыға алса, есік алдындағы қалың қопаға кіріп, иттен құтылады. Мысық қандай амал жасап аман-есен сыртқа шығып кете алады?
Газетіміздің өткен 10 қазан күнгі №193 санында жарияланған қара есептердің дұрыс жауабы:
Бірінші есептің дұрыс жауабы: 6 төре, 30 қожа және 64 қарапайым адам немесе 13 төре, 15 қожа және 72 қарапайым адам.
Екінші есептің дұрыс жауабы: Барлаушы сарбаз Бөгенбай жасағына жеткенге дейін кететін уақытқа тең болады: 50/5=10 сағат. Ендеше, ол бас аяғы 60х10=600 шақырым шауып өткен болады.
Үшінші есептің дұрыс жауабы: Абыз өзінің оң жағынан жеті адамды тастап кетіп, сегізінші адамды «бір» деп, одан әрі қарай келісілген шарт бойынша бірден онға дейін қайталап санай берген. Он саны дәл келген адам қатардан шығып тұрған.
Газетімізде жарияланған (№193, 10 қазан) қазақтың 1-ші, 2-ші, 3-ші қара есептерін шешу үшін көптеген оқырманымыз атсалысып, өздері дұрыс деп тапқан жауаптарын редакцияға жолдады. Атап айтқанда, маңғыстаулық Шархат Қонысбаева, танымал қаламгер Қажығали Мұханбетқалиұлы, жас ғалым Заңғар Кәрімхан, солтүстікқазақстандық Шолпан Қуандықовалар үш есептің алғашқысының жауабын дәл тапса, басылымның тұрақты оқырманы Ақмола облысы, Зеренді ауданының тұрғыны Баян Маштиева мен семейлік Ерсайын Тұраров 1-ші және 3-ші есептердің жауабын тап басып дәл шығарған. Сол сияқты Түркістан облысы, Қазығұрт ауданының тұрғыны Нышанбай Әшірбаев пен Жұматай Шәуменов тек 3-ші есептің ғана жауабын дұрыс тапқан екен. Ал тағы бір оқырманымыз Әкімбек Сағиев болса 1-ші есептің жаңа бір нұсқасын дұрыс жауабымен ұсынса, 2-ші есепті дәл тапқан жалғыз адам. Үш есептің де жауабын толық тапқан адам әзірге жоқ.
Есеп жауаптарын info@egemen.kz мекенжайына жолдауларыңызды өтінеміз!
Дайындаған
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»