Наркологиялық диспансер дәрігерлерінің айтуларынша синтетикалық есірткі заттарын қабылдайтындардың саны өңірде кемудің орнына артып барады.
Өткен жылы 630 науқас тіркеуге алынса, биыл олардың саны 750-ге жеткен. Осылайша жаңадан 120 нашақор қосылған. Наркологиялық диспансердің бөлім меңгерушісі Галина Андрееваның сөзіне қарағанда, синтетикалық есірткіні қабылдайтын жастардың қатары қалың. Біріншіден, кәмелетке толмағандардың психикалық сана-сезімі толық қалыптаспағандықтан, жақсы мен жаманның парқын айыра бермейді. Дәмін бір рет қана татып көрейінші деген әуесқойлық сезім мінез-құлықты кілт өзгертіп жіберуі қазір-ақ. Екіншіден, нарықта героин тапшы және оған қарағанда бағасы едәуір арзан.
Былай қарасаң есірткі және синтетикалық психикалық белсенді заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес жұмыстары қарқынды атқарылып жатқан сияқты. «Рефлекс» жедел-профилактикалық шаралар барысында 14 оқу орнында бір мыңнан астам жасөспірімнің қатысуымен дәрістер мен әңгімелесулер өткізілген. Есірткіге елітіп, есін жоғалтқан, тура жолдан адасқан жандардың азапқа толы өмірінен сыр шертетін деректі фильмдер, бейнетаспалар көрсетілген. Жыл басынан бері 57 факт әшкереленіп, жарты тоннаға жуық есірткі заттары тәркіленген. Синтетикалық есірткілерді таратумен шұғылданып, табыс көзіне айналдырған 50-ден астам сайт жабылған.
Соған қарамастан есірткіге тәуелділік кемір емес. Адам денсаулығына, қоғамға келтіретін орасан залалын біле тұра оның саудасы қазір әлеуметтік желілерде қызып тұр. Әсіресе, есірткі сататын сайттарды жарнамалаушылар ешнәрседен именбейтін көрінеді. Жуырда полицейлер сайттардың мекен-жайлары көрсетілген граффитиді үйлер мен аулалардың, гараждардың қабырғасына орналастырып жүрген 22 жастағы қыз баланы қолға түсірді. Көзді бақырайтып қойып, ешнәрседен қаймықпай жүруінің себебі оның жауабынан түсінікті болды. Сөйтсе, адам ағзасына жойқын күшпен әсер етіп, оның соңы өлімге соқтыратын қоғам кеселін насихаттағаны үшін нашақорларға тегін беріледі екен. Міне, ешнәрседен тайсалмаудың, именбеудің, яғни «көзсіз батырлыққа» барудың көзі қайда жатыр десеңші! Петропавл қалалық ішкі істер басқармасы есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің жетекшісі Дулат Мұхамедрахимовтың ойынша, қоғамдық ұйымдар, жұртшылық болып жұмылмай жеке-дара әрекеттен ештеңе өнбейді. Өйткені, уақыт өткен сайын алыпсатарларға тосқауыл қою қиындап барады. Заманауи таратудың әккі жолдарын біліп алған. Интернет-сайттарды өте шебер пайдаланады. Клиенттер тарту үшін есірткіге тәуелділерді жалдап, өздері тасада қалады. Кез келген жасөспірім смартфон арқылы «спайсқа» тапсырыс бере алады. Олардың нақты және виртуальды қоршаған ортасын бақылау жағы да кемшін. Мектептен тыс білімді ұйымдастыру мәселесін шешуде проблемалар аз емес. Заңдық тұрғыдан қолданылатын шаралар да пәрменсіз. 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады болмаса он күнге қамауға алынады. Оның пікірін «Импульс» балалар-жастар клубының педагог-ұйымдастырушысы Наталья Капустина да қолдайды. Бесіктен белі шықпаған жасөспірімдердің нашақорлыққа тез бейімделуі ойландырмай қоймайды. Синтетикалық еісрткінің орны толмас өкінішке соқтыратын қатерін тілмен айтып жеткізу қиын. Бүгінде қара нарықтағы дәстүрлі есірткі заттарын «дизайнерлік», тағы басқа түрлері ығыстырып шығаруда. Күші жойқын, зәрлі. Оны тұтынған адам бір жылдың ішінде су түбі құрдымға кетіп тынады. Петропавл қаласындағы 21 балалар мен жасөспірімдер клубында 4 мыңдай бала жаттығады. Бұл–аз. Көбіне себебінен гөрі салдарымен күресуге бейілміз. Өскелең ұрпақтың өмірі мен денсаулығын сақтауда қоғамның белсенді көзқарасы, бірлескен тегеурінді іс-қимылы ғана сенімді қорған бола алады, дейді ол.
Мамандардың айтуларынша, әлемде синтетикалық есірткінің 800-ге тарта түрі бар.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы