Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек ауданы – облыс орталығы Орал қаласынан шалғай орналасқан аудандардың бірі. Еліміздің батыс қақпасы саналатын, Ресей Федерациясының Волгоград, Саратов облыстарымен шектесетін аудан халқының бірлігі бекем.
Елбасының сәтті жүзеге асырылып келе жатқан салиқалы саясатының арқасында барша қазақстандықтар, соның ішінде Жәнібек ауданы тұрғындары да болашаққа нық сеніммен қадам басып, келешегіне зор үмітпен қарап келеді. Оған дәлел Президент қабылдаған «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» сынды кешенді бағдарламалар мен жыл сайын қазақстандықтарға арнайтын Жолдауындағы нақты тапсырмаларының орындалуы.
Жол – экономикалық қалыпты дамудың негізгі факторларының бірі екендігі белгілі. Бұл тұрғыда, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың биыл өңірімізге жасаған сапарының барысында облыс орталығынан шалғай орналасқан Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарына автомобиль жолын салу бойынша Үкіметке берген тапсырмасын аудан жұртшылығы зор қуанышпен қабыл алды. Дана халқымыздың нақыл сөзі «Жол азабын жүрген білер» демекші, аталмыш жолдың салынуы ауданның, қала берді Астанадан шалғайда жатқан Батыс Қазақстан облысының тұрмысы мен тыныс-тіршілігінің, туризмінің дамуына зор септігін тигізері хақ. Қазіргі таңда Елбасының бұл тапсырмасын жүйелі түрде іске асыру мақсатындағы жұмыстардың бастау алғандығына куә болып, жақын арада тіршілік көзінің бірі саналатын жол құрылысының аяқталып, ел игілігіне тапсырылатындығына аудан халқының сенімі мол.
Мемлекет басшысының биыл 5 қазандағы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын арттыруды басымдыққа ала отырып, әрбір қазақстандықтың елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін және олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсіну қажеттігіне тоқталды. Бұл бастамаларды барша жәнібектіктер де қолдап, қуаттайды.
Сонымен қатар осы Жолдауда нақтылап атап өткендей, халықтың алаңсыз әрі қолайлы жағдайда өмір сүріп, жұмыс жасауына жағдай туғызу сынды тапсырма да ауданымызда ретімен іске асырылуда. «Нұрлы жер» кешенді бағдарламасы аясында өткен жылы 24 отбасына жаңадан салынған тұрғын үй кілті табысталса, биыл 80 отбасына арналған тұрғын үй құрылысының жұмысы аяқталды. Тіпті дүркіреп тұрған кеңестік кезеңде бір жылдың ішінде дәл осындай құрылыс қарқыны болған емес.
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында биыл Ақоба, Талов ауылдарына таза ауыз су тарту жұмысы жүргізіліп, нәтижесінде аудан көлеміндегі барлық округ орталықтарындағы тұрғындар таза ауыз сумен қамтылып отыр. Сондай-ақ биыл Өнеге, Майтүбек, Жұмаев елді мекендерін газдандыру жұмысы жүзеге асып, ауданымыздың барлық елді мекені толықтай көгілдір отынмен қамтылмақ.
Мұндай ілкімді істердің жүйелі түрде атқарылып, шалғайдағы ауылдар мен елді мекендерге бар жағдай жасалуы – Елбасының әрбір елдімекеннің жағдайын жақсартуға бағытталған әлеуметтік саясатының нәтижесі деп түсінеміз.
Биылғы Жолдаудың тағы бір ерекшелігі – педагогтардың мәртебесін арттыру мақсатында арнайы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеуге тапсырма бергені. Бұл құжат саналы тәрбие мен сапалы білімді ұрпақтар бойына сіңдіретін ұстаздар қауымына ерекше көңіл бөлудің, дәрежесін арттырудың, құрмет пен қамқорлықтың кепілі болатын құжат деп есептейміз.
Осы Жолдаудағы ең төменгі жалақыны 1,5 есеге көбейту, 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ІЖӨ-нің 10%-ға дейін жеткізу, ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту сынды нақты тапсырмалар ел тұрғындарының әл-ауқаты жақсаруына алып келетіндігі сөзсіз.
Сонымен қатар қазіргі таңда ел экономикасын дамытудағы реформалардың табысты іске асырылуына жастарымыз, жалпы қоғам тұтастай жұмыла отырып, аянбай еңбек етуде. Елбасы үнемі зор сеніммен қарайтын ел жастарының қуанышы – келер жылдың «Жастар жылы» деп жариялануы десек, әрқашан мемлекеттің қолдауын сезінуші жалынды жастарымызға бұл жыл жаңа серпін мен тың жігер сыйлайтын кезең болмақ.
Егемен елінің ыдырамас ынтымағы мен туған халқының әлеуметтік жағдайын, тұрмыс сапасын арттыруды басты мақсат тұтқан Елбасымыздай тұлғаға Жәнібек ауданы жұртшылығы атынан шынайы алғысымызды білдіре отырып, әлемнің барынша дамыған 30 елінің қатарына қосылу жөніндегі ұлы мұраттарға жету мақсатындағы баға жетпес қажырлы еңбегіне табыс тілейміз!
Құрметпен,
Жәнібек ауданының тұрғындары
Батыс Қазақстан облысы