Өмірде талай қызық бар. Кейде адам сенбейтін ғажайыптар да кездеседі. «Шаруам бітті-ау» деп үмітін үзіп тұрған жан ойда-жоқта тығырықтан шығып кетеді. Мұны кейде кездейсоқтық деп те жатамыз. Сондай бір қызықты әңгімені айтқалы отырмыз.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары болса керек. Ол кезде алыс жайылымдарда автокөлік жүргізушілері де жүздетіп жүреді. Онсыз өмірдің мәнісі жоқ сияқты. Кеңшар орталығынан ұзай жүргізушілер өздері межелеген жерге міндетті түрде аялдап өтеді. Өңештен «ақмағамбет» бір өтіп алған соң арғы жағы көңіл көтеретін суды қанша құйсаң да көпсінбейді.
...Асқар бұл жолы да армансыз сілтеді. Қасындағы серіктері де кілең бір «сен тұр, мен атайындар» еді. Әр қыстауға келген сайын «денсаулық үшін», «ынтымақ үшін» бір бөтелке босап қалып жатты.
Бір кезде Асқардың буын-буыны босап, қалғи бастады. Қасындағылар әлдеқашан қорылға басыпты. Осының өзі оған жеткілікті еді. Әттең, енді бір асуға іліксе болды. Арғы жағында шопанның үйі бар. Осыны ойлап келе жатып ұйықтап та кетіпті...
«ГАЗ-53» жүк машинасы солқ етіп әлденеге соқтығысқанда жүргізуші оқыс оянып, көзін ашып алыпты. Не болғанын түсінбей қалған ол әуелгіде мәңгіріп ұзақ отырып қалды. Есін жиғанда Қасымбек қойшының тұрған үйінің бір қабырғасын құлатып, машинаның ішіне сұғына кіріп тұрғанын көрді. Құлағына адамдардың шулап жүрген дауысы келді. «Бітті деген осы. Қасымбектің отбасындағы біреуді мыжып кеткен екенмін ғой» деп ойлады Асқар. Не істеу керек? Ол орнынан зорға қозғалып, кабина есігін әрең дегенде ашып, жерге түсті. Қабырға опырыла құлапты. Машина кабинасындағы үшеу әлі түк те сезер емес, қорылға қорыл қосып, дүниені дүрліктіріп жатыр.
Асқардың ендігі бір ойы қашып құтылу. Осы оймен сытылып шыға беріп еді, оны біреу тас қылып ұстап алды.
– Асеке, қайда барасыз? Біз бір қой сойып, сіздің оянғаныңызды күтіп отырмыз, – деді ол.
«Қой сойылып, қазан көтеріліп жатса, тошно кінәлімін, кінәлімін. «Кешіріңіздер» деп ол жерге сылқ етіп отыра кетті.
– Қайдағы кінәлісің? Біз сіздің құрметіңізге қой сойып, қол қусырып, қызмет жасағалы отырмыз, – дейді қойшының баласы.
«Е, милиция қызметкерлері келгенше мені алдап-сулап ұстай тұрмақ қой, мына зәлімдер» деген ой келді Асқарға. Бірақ, қашып қайда барады? Үкіметтің құрығы ұзын, қайда барып тығылса да итпен іздеп тауып алады. Сосын түрменің тереңіне кетеді. Үйелмелі-сүйелмелі ұл-қыздары бар.
Олардың жағдайы қалай болмақ? Бұл сотталып кетсе көздері жәутеңдеп кімге телміріп жүреді? Осыны ойлап Асқардың жүрегі қан жылады. Әй, атаңа нәлет, қу арақ-ай!
– Үйге жүріңіз, – деп Қасымбектің үлкен ұлы Нұрғали оны жетектеп келе жатты.
Есік ауызында шопанның тағы бір ұлы құман мен сүлгі ұстап тұр екен. Иісті сабын да қойыпты. «Не де болса болары болды, бояуы сіңді» деп ойлаған Асқар жақсылап жуынып алды. Ағайын-жекжатқа көрсетуге бет те керек. Ісініп кеткен табақтай бетпен олардың жүзіне қалай қарамақ?
Жуынып алған жүргізушіні үй иелері қауқылдап үйге кіргізді. Құламай қалған бөлмеге ұзыннан-ұзын дастарқан жайылыпты. Шалғайдағы шопан үйінде бүгінгідей аста-төк азық-түлік қайдан болсын, дастарқанға барын қойыпты. Қазаннан жаңа түскен ыстық бауырсақтың иісі танау қыттықтайды. Отағасы жазықты жүргізушіні қолтығынан демеп, төрге оздырды.
– Құтқарушымсыз. Сізді Құдай айдап келген шығар, – деп қояды өзі.
Бұл не құрмет? Жұрт неге даурығып жүр? Түсінсе бұйырмасын. Осы кезде үйге тұмсық тірей тоқтаған машинаның қалған жолаушылары да оянып, жуынып-шайынып, қонақ бөлмеге кіре бастаған еді. Асқардың көзі алақандай, айналасына жалтақ-жалтақ қарайды.
Әп-сәтте буы бұрқырап қуырдақ келді. Оған ілесе көкмойындар да тізбектеле қалды.
– Ал ағайындар, көктен күткен құтқарушымыз жерден табылды. Құтқарушы үшін бір-бірден алып қоялық, – деп Қасымбек стакандарға жағалай арақ құя бастады.
«Ақыры айыпты болдым. Бас жазып алайын. Сосынғысын көре жатармын» деп ойлаған Асқар қырлы стакандағы мөлдірді сарқа ішті. Енді айналасындағылар бұлыңғырланбай, анық көріне бастады. Байқайды, бәрі мәз-мейрам. Үй иелерінің де қас-қабақтары жадыраңқы. Бұл не жұмбақ? Табақтағы қуырдақ тақұл-тұқыл таусыла бастағанда күні бойы жұмбақ болып келген жайттың де құпиясы ашылды-ау. Мәселенің мәнісі мынада екен. Қасымбектің бір ағайыны көптен бері сал болып ауырып жатыр екен. Дәрігерлер де сірә одан күдер үзсе керек. Таң енді бозарып атып келе жатқанда қабырға сарт етіп құлап, екі көзі шоқтай жанып гүрілдеп әлдене кіріп келгенде төсек тұтқыны болып жатқан Тұңғыш орнынан атып тұрып, сыртқа жүгіріп шыққан ғой. Бірнеше жыл сал болып жатқан ағасының үйден жүгіріп шыққанын көрген Қасымбек қуанбай кім қуансын енді. Содан Тұңғышты ұстап алып «қане, жүріңізші» десе ол тоқтамай жүріп кетеді. Тіптен, ешқашан ауырмаған сияқты. Қабырға деген не тәйірі?! Ертең-ақ қайта көтереді. Ал, ағасының орнынан тұрып, жүріп кеткені үлкен қуаныш емес пе? Жазықтыны жарылқап жатқандағы мәселенің мәнісі осында екен.
Содан Асқар бастаған топ сол күні әйда, бір аттың басын жіберді-ай.
– Өмірімде арақтан тартқан азабым көп. Бірақ тап мынадай жақсылыққа себепші боламын деп ешқашан ойламаппын. Сол күнгі қуанғаным-ай. Қазір Тұңғыш көкем жер басып жүр.
Сол бір оқиғадан соң да талай уақыт өтті. Міне, жазықтыны қалай жарылқады дегенде айтпағымыз осы еді.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ