• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Қараша, 2018

Арал ауданында аурухана мен мектеп-лицейі ашылды

745 рет
көрсетілді

Арал ауданында ашылған Орталық аудандық аурухана 150 адамға, ал мектеп 300 орынға арналған.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ауданға жұмыс сапары барысында аурухана мен мектептің ашылу рәсіміне қатысты.

150 орындық аурухананың ғимараты 3 қабат, 4 блоктан тұрады. Оның ішінде терапия, хирургия, травматология, педиатрия, гинекология, инфекциялық және дерматовенерологиялық бөлімшелер қызмет көрсетеді.

Облыс әкімі аурухана ұжымын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.

«Қазіргі таңда Елбасы тапсырмасымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында мемлекет пен жеке сектор арасында ұзақ мерзімді ынтымақтастықты қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүріп жатыр. Облыс бойынша білім, денсаулық, спорт, жалпы әлеуметтік салалар бойынша 52 нысанның жобасы әзірленуде. Өткен жылы Қазалы теміржол ауруханасының базасында Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарының тұрғындары үшін ауданаралық инсульттық орталық, Байқоңыр қаласынан көпсалалы аурухана ашылды. Қажетті мамандарды резидентураға дайындау мақсатында облыс әкімінің грантын бөлдік, қазір 22 маман оқып жатыр»,-деді аймақ басшысы.

Соңғы екі жылда медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы нығайтылып, барлық аудандарда ауысымына 250 келушіге арналған емханалар мен 11 медициналық бекет салынды. Өткен жылдың желтоқсанында Қазалы аудандық орталық ауруханасы пайдалануға берілді. Облыстың денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында 48 дәрігерлік амбулатория, 7 фельдшерлік-акушерлік бекет, 27 медициналық бекет құрылысы жоспарлануда. Медициналық ұйымдарды арнайы техникамен қамтамасыз ету бойынша әлемнің кез-келген клиникасымен байланысқа түсуге мүмкіндік беретін мобильді – ота жасайтын қондырғы орнатылды. Осы ретте айта кетейік, мұндай қондырғымен республиканың бес клиникасы ғана жабдықталған.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы