Бүгін Алматыда бас пен мойынның қатерлі ісігін асқындырмай диагностикалау жөніндегі Еуропалық апталық аясында еліміздің онкология саласындағы жетекші мамандарының қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының докторларының қатысуымен өткен жиында осы мәселе бойынша 6 қалада жүзеге асырылған бағдарламаның нәтижелері, бас пен мойынның қатерлі ісігінің ерте белгілері мен осы дерттің алдын алу шаралары, сонымен бірге бас пен мойындағы қатерлі ісіктерді алып тастаудың бірегей оталары жөнінде айтылды.
Қазақстан бас пен мойынның қатерлі ісігін ерте диагностикалау жөніндегі Еуропалық апталыққа төрт жыл қатарынан қатысып отыр. Бұл апталық – бірінші буын дәрігерлері мен тұрғындарды бас пен мойын ісігінің ерте белгілерінен хабардар етуді көздейді. Әрі халықтың дәрігерлерге ерте қаралуына, диагноздың уақтылы қойылуына және науқастарды арнайы жәрдем алуға бағыттауға септігін тигізеді.
Сонымен 2018 жылы Қазақстанда бас пен мойын ісігін ерте диагностикалау бағдарламасына 6 қаладағы 8 онкологиялық орталық қатысып, 500-ден астам адам қаралған. 32 науқастан жаңа өскіндер (6,2%), 211 адамнан сипатты емес патология (40,8%), қалған 53,0% адамда мұрын, құлақ және ауыз қуысы патология анықталмаған. Науқастардың көпшілігі Алматы мен Астана қалаларынан қаралған.
– Отолорингологтар мен стоматологтарды оқытуға үлкен көңіл бөлініп отыр. Оның үстіне, онкосақтық және бас пен мойын ісігін ерте диагностикалау – басты назарда. Тұрғындарды оқыту және оларды тегін қарау Алматы, Астана, Шымкент, Семей, Ақтөбе мен Қарағанды қалаларында өтті. Науқастардың көбі бізге аурудың III-IV сатыларында қаралады. Емдеудің тиімді әдістерінің барына қарамастан, бас пен мойын ісігіне шалдыққан науқастар арасында диагноз қойылғаннан кейін бір жыл ішінде өлім-жітім көрсеткіші 50 пайызға тең. Ал де кезінде диагностикалау мен емдеу жағдайында аман қалу көрсеткіші – 80-90 пайыз», – дейді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының докторлары институт директоры, медицина ғылымдарының докторы Диляра Қайдарова.
ТМД-дағы «Мерк» биофармацевтикалық бөлімшесінің бас директоры Роджер Элиа: «Жыл сайын Қазақстанда бас пен мойын қатерлі ісігіне шамамен 2 мыңдай адам шалдығады. Бас пен мойынның қатерлі ісігімен ауыратын науқастардың өліміне көбінесе дерттің кеш табылуы себеп болады. Ал кеш диагностикалауға бір жағынан тұрғындардың ауру мен оған шалдығу факторлары туралы хабарыныңғ аздығы, екінші жағынан, бірінші буын дәрігерлерінің білімінің жеткіліксіздігі, түрлі мамандықтары бар дәрігерлердің арасында қажетті үйлестірушіліктің болмауы себеп. Стоматологтар мен отоларингологтарды оқыту тиісті мамандарға онкология белгілеріне сақ болуға және қауіпті белгілерді байқаған жағдайда, дереу тексеріс жүргізіп, уақтылы диагноз қоюға мүмкіндік береді» деді.
Бас пен мойын қатерлі ісігі көмей, ауыз қуысы, жұтқыншақ және мұрын мен мұрын айналасындағы қуыстар, сілекей бездерінде орналасады. Жыл сайын әлемде бас пен мойынның жайпақ жасушалы қатерлі ісігіне шалдығудың 600 мың жаңа оқиғасы тіркеліп, науқастардың тең жартысы жыл сайын о дүниеге аттанады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ