Қызылордадағы «Кәсіпкерлер үйінде» облыс жастарының арасында «Байқоңыр Start-up 2» бизнес-идеялар байқауы өткізілді.
Жүлделі бірінші орынды Қызылорда қаласынан Дастан Айтбайдың «Инновациялық құлаққап «Safe headphones» жобасы жеңіп алды. Оған арнайы диплом мен 300 мың теңгенің сертификаты табыс етілді.
Дастанның құлаққабын нағыз инновациялық жоба деп айтуға болады. Бүгінгі жастардың смартфоннан екі елі ажырамайтындығы белгілі. Ұялы телефонындағы әуендерді сымтетік арқылы құлағына қыстырып, сыртынан құлаққап киіп алған бозбалалар мен бойжеткендер ту сыртынан машина келіп қалып, сигналын ойбайлатып басқанымен естімейді. Рұқсат етілмеген жол қалтарыстарынан шыға келген жасөспірімдердің апатқа ұшырап жатқандары бар.
Үлкендерді тыңдағысы келмеген сол тұстастарын Дастан өнертапқыш мойындатты. Дастан ойлап тапқан құлаққап ішінде қауіпсіздік сигналы бар. Автомобиль, жол-көлік қызметкерлерінің, жедел-жәрдем машиналарының сигналы іске қосылғанда, құлаққаптағы музыка бірден тоқтайды.
Жақындап қалған көліктің дауысын ажыратып, қауіптің келіп қалғандығын әуенді тоқтатумен білдіреді. Қауіптің алдын алуға жәрдемдесетін мұндай құрылғыларды көптеп дайындауға облыс әкімдігі мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің басшылығы ұсыныс білдіріпті.
Дастанның жобасы осылайша бірінші орынға ие болды. Екі екінші орынды қызылордалық Шыңғысхан Сәдуовтің «Жарнама бизнес-идеясы» мен Сырдария ауданынан Өмірзақ Есболатовтың «Сауықтыру орталығы» жобасы бөлісті. Үшінші орын «Тігін цехы» жобасының иегері шиелілік Гүлнұр Үдербаеваға, «Логистикалық орталық «Logo Center» жобасының авторы Уәлихан Тасқара мен «Кішкентай ханымдар» мектебі» жобасының иесі Ақбота Базарбайға бұйырды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов арнайы құттықтады.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы