Шорт-тректен Канаданың Калгари қаласында аяқталған әлем кубогының кезеңдік сайысында Абзал Әжғалиев күміс медальды мойнына ілді.
500 метрлік бәсекеде ақтық сынға дейін алқынбай жеткен қандасымыз шешуші тұста да асқан шеберлік танытты. Финалдық сайысты 40.136 секундтық көрсеткішпен аяқтаған қандасымыз күміс медальды иеленді. Бұл – Қазақстанның жаңа рекорды! Ал бас жүлдені Қытайдың мақтанышы, Олимпия ойындарының жеңімпазы және сол жарыстың үш дүркін жүлдегері, төрт дүркін әлем чемпионы У Дацзин қанжығасына байлады. Қола медаль да атақты спортшыға бұйырды. Оның иегері – Олимпиада, әлем және Еуропа чемпионы венгриялық Шаолинь Шандор Лю. Сондай-ақ, Калгаридегі жарыста Еркебұлан Шамұхановтың да жеңіс тұғырына көтерілуге мүмкіндігі болды. Ол финалға жолдама алғанымен, қорытынды есепте бесінші орынды қанағат тұтты.
Әлем кубогының келесі кезеңдік сайысы 9-11 қараша күндері АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өтеді.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»