Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы тиіс екендігін атап көрсетті. Жолдауға зер сала қараған әр адам оның өзегінде жастарға деген қолдау мен қамқорлық желі болып тартылғанына көз жеткізе алады. Өзгесін айтпағанда, Президенттің бұл жөнінде ауқымды платформа қалыптастыру керектігін көрсетіп бергені бұрын-соңды айтылмаған әрі бұрын-соңды қолға алынбаған ауқымды іс болмақ. Міне, осының бәрі Елбасы келесі 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауға негіз қалағаны анық.
Осы шынайы қамқорлыққа Ақтөбе облысының жастары нақты іспен жауап беруді ұйғарып отыр. Әуелі бұл шіркінді бастау қиын дегендей алдымызда есік қағып тұрған Жастар жылын неден бастау керектігі өңір өрендерін Жолдау жарияланған күннен ойландыра, толғандыра бастағаны байқалады. Осындай ой-мақсаттың жетегінде олар республика аймақтары арасында тұңғыш рет «Жас барыс» атты жастар форумының өткізілуіне бастамашы болды. Мұндағы басты мақсат – Президент Жолдауынан туындайтын міндеттерді тағы бір мәрте ой елегінен өткізіп, алдағы атқарылатын істерді нақтылау. Оған 1200-ден астам жастар өкілдері қатысуы форумның ауқымдылығы мен шоқтығының биіктігін көрсетіп тұрғандай.
Қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті мен аймақ басшылары және көршілес Ресейдің Орынбор облысы делегациясының атсалысуымен өткен іргелі басқосуда оған қатысушылар жастар жылын өткізуге орай өз ойлары мен пікірлерін ортаға салды. Айталық «Казхром» ТҰҚ» АҚ-та қызмет істейтін жас маман Нұрлан Қожаев «Жастар жылы» көздеген мақсаттарды алға апаруға, белгіленген жобаларды жүзеге асыруға және жаңа идеяларды мәлімдеуге тамаша мүмкіндік бере алатынын айтып берді. Сондай-ақ оның ойынша, алдағы кезде жастар тиімді әрі нәтижелі жұмыс істей білуге дағдылануы қажет. Бұл үшін барлық жағдай бар. Соның ішінде жұмыссыз жастар мемлекеттің қолдауын ұдайы сезініп келеді, деді ол одан әрі.
Бұдан кейінгі кезекте шалғайдағы ауылда тұратын жас өрен Аслан Әбуов сөз алып, ауылдағы өмір сапасын жақсарту және мұнда өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыруға өздерінің қосатын үлесі жөнінде ұтымды ұсыныстар білдірді. Сондай-ақ форумға қатысушы ауылда шағын және орташа бизнесті дамыту ісінің екіжақты тигізетін пайдасына тоқталды. Біріншіден, осы арқылы әркімнің өз отбасын асырауына мүмкіндік туса, екіншіден, ел экономикасы да дами түседі.
Жас кәсіпкер Бақыт Молдагереева да өздерін алға жетелейтін басты фактордың бірі сенім екенін, сондықтан әркім ең алдымен өзіне сенуі керектігін, тек сонда ғана іс алға басатынын түйіндеді. Ал Ресейдің Орынбор облысынан арнайы келген кәсіпкерлер комитетінің төрағасы Дмитрий Чернов Қазақстан мен Ресей жастары арасындағы байланыс мемлекетаралық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ықпал жасай алатынын көлденең тартты.
Осы арада «Жас барыс» форумының жұмысы мазмұн жағынан да, түр жағынан да мейлінше бай болғанын айта кеткен жөн. Соның бір көрінісі − оған Алматы мен Астанадан арнайы келген Эмин Әскеров пен Альбина Сәлімбаева сынды бизнес жаттықтырушылар «Жетістікке жетудің он құралы» атты тақырыпта өткізген семинар-тренингтер. Бұған қоса форум шеңбері аясында еріктілер қозғалысының бүгіні мен ертеңі, білімді әрі кәсіби деңгейі биік жастар – ел болашағы деген тақырыптарда өткізілген секциялық жұмыстар да «Жас барыстың» алғашқы адымына серпін бегендей әсер қалдырды. Форумға қатысып, сөз сөйлеген Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірде жастар жылын тиімді әрі нәтижелі түрде өткізуге қажетті жағдайлардың бәрі де бар екенін мәлімдеді. Өңір басшысының айтуынша, Елбасы белгілеп берген алдымыздағы «Жастар жылы» облыста таяуда қорытындыланған «Балалар жылының» заңды жалғасы болып табылады. Дамыған отыз елдің қатарына кіру жолының салмағы жеңіл болмақ емес. Әрі оған жетудің жолы сан тарау. Соның бірі – елімізде белсенді әрі бастамашы жастардың толыға түсуі болып табылады. Осы орайда бүгінгі форумда жастардың тарапынан құнды идеялар мен пайдалы ұсыныс-пікірлердің айтылғаны оң нышан деп білеміз. Оның бірде-бірі аяқсыз қалмайды. Біз оның бәрін талдап, тиісті қорытынды жасаймыз, деп түйіндеді өз ойын өңір басшысы.
Форумның атауы неге «Жас барыс» деп аталған? Бұл сауалдың жауабы өте қарапайым болса керек. Біріншіден, жалпықазақстандық даму жолының нышандық белгісі барыс екендігі белгілі. Өйткені барыс – өзгелерге ұрына бермейтін батыл да ақылды аң.
Сонымен Ақтөбеде «Жас барыс» өзінің алғашқы адымын жасады. Оның алдағы кезде адымын тіктеп, бауырын биік ұстап секірістер жасай алатынына сенім мол. Облыста тұңғыш рет өткізілген «Жас барыс» форумына қатысушылар барлық қазақстандық жастарға арнап үндеу қабылдады. Мұнда атаулы жылды жастарға тән жалынмен өткізу, бастамалар мен ұсыныстарды аяғына дейін жеткізу қажеттігі айтылған. Бұдан әрі форумға қатысушылар өздеріне берілген мүмкіндік – үлкен сенім мен жауапкершілік екенін мәлімдей келіп, оған іспен жауап беру басты парыздары екенін атап көрсеткен.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ