Глубокое аудандық ауруханасының бас дәрігері Қайрат Беделмановтың қызмет өтілі 30 жыл. Ол Ұлан ауданының Тарғын ауылындағы орта мектепті бітірген соң азаматтық борышын өтеуге әскерге аттанады. 21 жасында Семейдегі медицина академиясының студенті атанып, үш бірдей хирург, травматолог, ревматолог мамандығын алып шығады. Еңбек жолын Риддердегі қалалық ауруханада бастап, сосын Өскемендегі жедел жәрдем ауруханасында бірер жыл қызмет етеді. Бұдан тура 7 жыл бұрын өз мамандығына шексіз берілген, білімді де білікті дәрігерді Глубокое аудандық ауруханасына бас дәрігерлікке тағайындайды. Ауданда 63 мыңнан астам тұрғын бар. Ол ең әуелі кеншілер мен шахтерлер, ауыл шаруашылығы қызметкерлері мекендеп жатқан ауылдар мен кенттерді аралап шықты. Дәрігерлік қызмет көрсететін мекемелерде заманауи жабдықтар жоққа тән екен. Ал аудан орталығындағы орталық аурухана құлауға жақын. Бас дәрігер жаңадан аурухана салу жөніндегі ойын жүзеге асырды. 2014 жылы сапалы денсаулық ордасы пайдалануға берілді.
– Елбасының жақында ғана жарияланған Қазақстан халқына Жолдауында халықтың әл-ауқатын, тұрмысын жақсарту, адам денсаулығына көңіл бөлу жайлы айтылған. Біз бұл мақсатта ізденіс пен ілкімділік танытудамыз. Қазіргі таңда ауданда 14 дәрігерлік амбулатория, 8 фельдшерлік, 4 дәрігерлік пункт халыққа қызмет етуде. Бұл салада 670 адам еңбек етеді. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша соңғы бес жылда жоғары және орта арнаулы білім ордаларын бітіріп келген жас мамандарға 97 пәтер берілді. Бізге негізінен Алматы, Қарағанды және Семей медицина институттарын бітірген жас мамандар, Семей мен Өскемендегі медициналық колледждерді тәмамдаған жастар келеді. Олардың барлығы қызметке орналасты, тұрғын үй мәселелері шешілді. Соңғы жылдары «Парыз» қайырымдылық қоры арқылы 47 сапалы дәрігерлік жабдықтар, УЗИ аппараттары, жансақтау бөліміне жаңа аппараттар, 5 ЭКГ, басқа да қондырғылар сатып алынды, – дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Қайрат Рамазанұлы.
Соңғы бірер жылда ғана ауданда 6 емдеу орталығы салыныпты. Атап айтқанда, кеншілер кенті – Белоусовкада, Черемшанка, Ушанов, Секисовка ауылдарындағы дәрігерлік-емдеу амбулаториялары тұрғындарға қалтқысыз қызмет көрсетуде. Елді мекендерге аудан әкімі Қалихан Байғонысов бас дәрігермен бірге барып, тұрғындармен кездесу өткізеді. Ауыл тұрғындары өздерінің мұң-мұқтаждарын батыл білдіріп, өтініштерін айтады. Мәселен, Бобровка ауылында болған кездесуде тұрғындар кей мамандық иелерінің болмауынан аудан орталығына немесе облысқа баратындарын айтты.
Аудандық аурухананың жедел жәрдем бөлімінде қазір 52 дәрігер мен қызметкер еңбек етеді. Бөлімше қажетті техника, жедел жәрдем көліктерімен қамтамасыз етілген. Сырқат жандар аудан орталығына немесе таяқ тастам жердегі Өскеменге жеткізіледі. Дәрігерлер телефонмен, басқа да қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бас дәрігердің айтуынша, соңғы бірер жылда ғана 78 дәрігер, 213 медбике, басқа мамандық иелері Мәскеу, Киев, Астана, Павлодар, Семей және Өскемен қалаларында біліктілігін арттырған.
– Бізде қызмет ететін дәрігерлер Гиппократ антына адал, науқастарға сапалы қызмет етуді басты міндеті санайды, – дейді бас дәрігер Қайрат Беделманов.
Оңдасын ЕЛУБАЙ, журналист
Шығыс Қазақстан облысы,
Глубокое ауданы