• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Спорт 06 Қараша, 2018

Карина Горичева жұлқып көтеру жаттығуында қола медаль алды

458 рет
көрсетілді

Ауыр атлетикадан Түркіменстанның бас шаһары – Ашхабадта өтіп жатқан әлем чемпионатының кезекті жарыс күні Қазақстанның үш зілтеміршісі де «В» тобында өнер көрсетті.

Ерлер сайысында 81 кило салмақ дәрежесінде Азия чемпионы Айдар Қазов күш сынасты. Биыл ел біріншілігінде өте жақсы нәтиже көрсетіп, алтын тұғырға көтерілген қандасымыз төрткүл дүниенің мықтылары бас қосқан додада қалың топтың арасында қалып қойды. Қазовтың қоссайыстағы көрсеткіші – 331 (145+186) кило. Нәтижесі – 19 орын.

Бұл салмақта алтын және қола жүлдені Қытайдың қос саңлағы – Люй Сяоцзюнь мен Даюн Ли олжаласа, мысырлық Ахмед Махмұт күміске қол созды.       

Әйелдер арасында 64 кило салмақта бақ сынаған Әсем Садықова мен Карина Горичева «В» тобындағы бәсекеде бірінші және екінші орындарды өзара бөліскенімен, олардың еңсерген салмақтары жалпы есепте үздіктер қатарынан көріну үшін жеткіліксіз болды. Нәтижесінде Әсем – жетінші, Карина – сегізінші орынды қанағат тұтты. Осы орайда, жұлқып көтеру жаттығу бойынша 107 килолық зілтемірді көтерген Карина Горичеваның кіші қола медальді еншілегенін айта кетуге тиіспіз.

Ал жарыс қорытындысы бойынша қоссайыстағы барлық жүлде сары құрлық өкілдеріне бұйырды. Атап айтсақ, қытайлық Ден Вэй – алтын, солтүстіккореялық Рим Ун Сим-күміс және таиландтық Раттанаван Вамалун – қола медальді иемденді.     

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»