«Қыс-2018» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары аясында еліміздің барлық өңірлерінде Азаматтық қорғаныс құрылымдары қысқы мерзімдегі төтенше жағдайлардың алдын алу мен болдырмауға байланысты дайындық шараларын өткізді. Оқу-жаттығулар шараларын өткізу азаматтық қорғаныс жүйесі құрылымдарына дайындық сапасын арттырумен қатар озық тәжірибелермен де алмасуға мүмкіндік береді.
28237 әскери бөлімі радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс қызметінің бастығы майор Абдужалил Ерназаровтың айтуынша, оқу-жаттығуға ІІМ Ұлттық ұланының құрылымына кіретін азаматтық қорғаныстағы Бауыржан Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімінің жеке құрамы да тартылды. Оқу-жаттығу жоспарына сәйкес Алатау ауданы Алғабас шағын ауданындағы ТЭЦ-2 жылу-энергия стансасының аумағындағы мазуттік цех өртке оранады. Апат орнындағы ауаның ластануы мен аумағының зақымдалуын тексеру және адамдарды құтқару, төтенше жағдай салдарын жою бойынша 28237 әскери бөлімі радиациялық-химиялық және биологиялық қорғаныс ротасының жеке құрамы АРХР және АРС-14 арнайы көліктерімен апат орнына дереу жетті. Ауданның химиялық ахуалы мен жай-күйін бағалаланды. Ауаның, топырақтың құрамы тексеріліп, нәтижесі Алматы қаласының Қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің азаматтық қорғаныстағы радиациялық, химиялық және биологиялық қызметіне сараптамаға жіберілді.
Оқу-жаттығу нәтижесі ұландық құтқарушылардың дайындығы мен кәсіби біліктілігінің жоғары деңгейде екендігін көрсетті. Құтқару қызметі саласынан тәжірибе алмасқан ұландықтардың іс-тәжірибесіне Алматы қалалық Төтенше жағдай жөніндегі департаментінің өкілдері жоғары баға берді.
Оқу-жаттығуларға орталық мемлекеттік органдардың жедел топтары, азаматтық қорғаныс жүйесіндегі қызметтер мен ІІМ құрылымындағы апаттық-құтқару қызметтері мен аумақтық-құрылымдық органдарының қызметкерлері қатысты.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ