Парламент Сенатында еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралды, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.
Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева кездесуді аша келіп, елімізде мақсатты тұрғын үй төлемдері тетіктері бойынша алғаш рет әскери қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа үлгісі пайда болғанын атап өтті.
Әскери қызметкерлер мен олардың отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа тетіктері 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілді және әскери қызметкерлердің еңбек еткен жылдарына қарамастан тұрғын үй төлемдерін беруді; әскери қалашықтарда, шекара заставаларында және басқа да жабық нысандарда орналасқан қызмет үйлерімен немесе жатақханалармен қамтамасыз етілген әскери қызметшілерге 50 пайыз тұрғын үй төлемдерін беруді; тұрғын үйге мұқтаж болып танылған әскери қызметшілерге босатылған кезде тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген кезеңге тұрғын үй төлемдерін беруді көздейді.
Қаржы министрлігінің мәліметтері бойынша 2018 жылы республикалық бюджетте әскери қызметшілер мен құқық қорғау және арнаулы органдар қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз етуге 94 миллиард теңге көзделіп отыр. 2019-2021 жылдарға 340 миллиардтан астам теңге қарастырылған.
Заңды іске асырған бірінші кезекте Тұрғын үй құрылысы жинақ банкінің жәрдемімен Қарулы Күштердің 37 мыңнан астам әскери қызметкерлері жеке есеп-шот ашып, 30 миллиардтан астам теңге аударылды.
Сонымен бірге қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Жанжүменов тұрғын үй заңнамасына енгізілген жаңалықтарды қолдану тәжірибесі оны одан әрі жетілдіруді қажет етіп отырғанын айтты.
Атап айтқанда, тұрғын үй төлемдерін есептеу әдістерін қайта қарау ұсынылып отыр. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тұрғын үй төлемдерінің көлемі әскери қызметкер қызмет етіп жатқан аймақтағы тұрғын үйді жалға алу құнына байланысты белгіленеді. Бұл әдіс әскери қызметшіні тұрғын үйге деген құқықтарын теңдей іске асыру мүмкіндігін бере алмайды. Бұл туралы Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері биылғы қазан айында Шығыс Қазақстан облысындағы көшпелі отырыс барысында айтылған болатын.
Ұлттық ұланның бас қолбасшысы Руслан Жақсылықов қазіргі тұрғын үй төлемдерін 11 975 әскери қызметкер алатыны туралы хабардар етті. Дегенмен, несиелік қарыз 1 млрд. 800 млн. теңгені құрайды, оның ішінде 778 млн. теңге тұрғын үй төлемдері бойынша; бір жолғы тұрғын үй төлемдері мен қайтарымсыз жекешелендіру құқығына ақшалай өтемақылар бойынша 1 млрд. 19 млн. теңге болып отыр. Несие бойынша уақытында төлемеу айып пен пеняға әкеліп соғып, тұрғын үй төлемақысының көлемін қысқартуда.
Сенаторлар бұл мәселеге алаңдаушылық білдірді. Комитет төрағасы Д.Назарбаева Қаржы министрлігіне бұл мәселені пысықтауды тапсырды. «Әңгіме әскери қызметкерлердің жауынгерлік рухы туралы болып отыр. Оны аяқасты етуге болмайды. Тұрғын үй мәселелерінің шешілуі біздің комитеттің назарында болады», - деді ол.