Әлемдік фотоөнер саласы бойынша жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін халықаралық беделді «All About Photo» байқауында мына бір сурет 2018 жылдың ең үздік туындысы деп танылыпты. Бұл туралы мәлімет аталған ұйымның веб-сайтында жарияланды.
Орайы келгенде айта кетейік «All About Photo» қоры – пайдасы мол және өте кең фото мәліметтер базасы жинақталған құрылым. Ресурстың басты мақсаты – әлем фотографтарының жұмысын жүйелеп отыру. Алғаш рет 2013 жылдың ақпан айында АҚШ-тың Калифорния штаты, Сан-Франциско қаласында іске қосылған екен. Азғана уақыт ішінде фотоқор жасаудан әлемге танылған. Бұл жерден кез келген тақырып бойынша қажет фотосуретті тауып алуға болады. Мұнда арнайы онлайн-журнал шығады, сонымен қатар веб-сайты және фотолабораториясы, студиясы, оқу шеберханасы, музей, галерея, көрме залы бар.
Ал мына үздік фотоның авторы – ұлыбританиялық фотограф Тарик Зайди. Сурет жуықта Бай-өлке аймағының Сақсай сұмын жері «Бітеу» дейтін күзеулікте түсірілген екен. Атқа мініп, алдына немересін мінгестіріп, балдағына құс қондырған ақсақалдың аты – Бәйтен Бабиұлы. Бәкең туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 23 тамыз күнгі №159 санында «Этнографиялық әңгіме» айдарымен «Қыран ұстау қазақтың ен-таңбасы» атты көлемді сұхбат жарияланған-тын. Осы сұхбатта жасы 85-тен асқан ақсақал қолына құс қондырып, бүркітшілікпен айналысқанына 60 жыл болғанын айтып, мына бір қанатымен желкесін көмкеріп тұрған бүркітін 33-ші құсым деген еді... Енді міне қазақтың этнотұрмысын бұзбай сақтап отырған қарияның ісі шетелдіктер тарапынан үздік деген атқа ие болып отыр.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»