«Балапанды күзде санайды» деген бар. Қостанай өңіріндегі ауылшаруашылығы саласында жыл бойғы еткен еңбектің қайтарымы қорытындыланды.
Қашаннан Қостанай еліміздің астықты өңірі саналады. Даланы да малдың тұяғы тоздыратын. Биыл қыстың созылыңқы болғаны шаруаны да, диқанды да қобалжытқан еді. Жаз айларында жеткілікті түскен ылғал, диқан еңбегі мен өндіріске енгізілген озық технологиялар көшті түзеп жіберді. Облыс диқандары 5 миллион 200 мың тонна астық жинады. Бұл жалпы еліміздегі жиналған астықтың төрттен бірін құрайды.
Гектар айналымы 12 центнерден асып жығылды. Оның сыртында картоптың гектарынан 400 центнерден келіп, 72 мың тонна жиналды, 20 мың тонна көкөніс тағы бар. Федоров ауданындағы «Бугрей» шаруа қожалығында гектар айналымы 34,7 центнерден келді. Бұл облыс шаруашылықтары арасында ең жоғары көрсеткіш болды. Оның ізін ала «Малышко Ю.М» шаруа қожалығы 32,2, «Жанахай» шаруа қожалығы гектарынан 25 центнерден алтын дән жинады. Торғай өңірінің қуаңшылығы көп, қатал табиғатына қарамастан диқандар гектарына 10 центнерден асырып сапалы бидай алды.
Ал биыл шаруаның таяғы құтты болған сыңайлы. Бүгінге дейін 74 мың тонна ет, 358 мың тонна сүт, сонымен қатар 492 миллион дана жұмыртқа өндірілді. Малшаруашылығында бар түліктің саны көбейді, мал өсіретін агроқұрылымдардың саны 1294 болып отыр.
– Болашақ өнімнің негізі дұрыс қаланғанда табысқа жетеміз. Тұқым толық көлемде себілді. Пар алқаптары төрт рет өңделді, 2 миллион гектардан аса сүдігер жыртылды. Қолға қарайтын малдың бір жарым жылдық жемазығы, сондай-ақ сүрлем, пішен жеткілікті дайындалды. Өткен жылдармен салыстырғанда тамақ және өңдеу кәсіпорындары 1,5 миллиард теңгеге артық өнім өндірді, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов.
Есепті жылы ауылшаруашылығының инвесторларға тартымдылығы байқалды. Биыл өңірдегі агроөнеркәсіп кешенінің негізгі капиталына салынған қаржы көлемі 16 пайызға өсіп, 32 миллиард теңгені құрады. Соның ішінде 12,5 миллиард теңге ауылшаруашылығы техникаларын жаңалауға жұмсалған. Мұның өзі саладағы еңбек өнімділігін 44 пайызға өсіруге қол жеткізді, ауылшаруашылығының экспорттық қуаты 24 пайызға артты, 275 миллион доллардың өнімі жөнелтілді.
Ауылшаруашылығы алқаптарын әртараптандыру ісі жылдан-жылға жылдамдата жүргізіліп келеді. Қазір бидайдың көлемі қысқарып, ол барлық алқаптың 62 пайызы болып отыр. Соның арқасында бұршақ тұқымдастар себілетін алқап – 37, жемазық шөбі – 18, майлы дақылдар 85 пайызға ұлғайды. Ал ауылшаруашылығын дамытуда цифрландыру бағдарламасының әсері мол болатынын да биылғы жұмыстар көрсетті. Егіншаруашылығы мен малшаруашылығында қатар жүргізілген жұмыстар бүгінде оң нәтижесін көрсете бастады. «Олжа Садчиковское» және «Трояна» шаруашылықтарында нақты егіншаруашылығы, «Терра» шаруашылығының мал бордақылау алаңы мен «Олжа Садчиковское» шаруашылығында тауарлы-сүт фермасында «ақылды мал фермасы» жобалары енгізілді. Қазірдің өзінде осы шаруашылықтарда 1 миллиард теңгедей үнем жасалған.
Биылғы ауылшаруашылығын осылай көтеріңкі көңіл күймен аяқтаған Қостанай өңірінің диқан-шаруалары табысты жұмысты әрі қарай жалғастыруға кірісіп кеткен. Инвестиция қаржысына облыста ауылшаруашылығы өнімдерін терең өңдеу кәсіпорны салынып жатыр. Арқалықта ашылатын заманауи, қуатты ет комбинаты Торғай өңірінде мал басын көбейтуге жол ашады. Цифрландыру ісі жалғасады.
Әрине ауыл шаруашылығында түйінді мәселелер де жоқ емес, Қостанайда жиналған астықтың көлемі Қазақстанның солтүстік өңірлеріндегі көрші облыстардан асып кеткен жоқ. Мұның өзі алдағы уақытта ілкімділіктің, ізденістердің керек екендігін айғақтайды.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов биылғы табысты жыл үшін еңбеккерлерге рахмет айта отырып, оза шапқандарға лайықты марапаттар табыс етті.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай