• RUB:
    4.82
  • USD:
    443.35
  • EUR:
    475.54
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Қараша, 2018

Әмбебап туристік хаб ашылды

637 рет
көрсетілді

Алматыда алғашқы туристік хаб ашылды. Туризмді табыс көзіне айналдыруда әлеуеті ең жоғары мегаполистің туристік орталығы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына орналасты. Тұсауы кесілген орталықтан 7 түрлі бағытта, ұлттық нақыштармен әспеттелген таным аймақтарын табуға болады.

Биылғы жылдың екінші тоқсанында Алматыға келген туристер саны 503 мыңға жетті. Бұл былтырғымен са­лыс­тырғанда 7% артық. Әсіресе Ре­сей­ден келетін туристер саны басым, бұл көрсеткіш 102 мыңға жетті. Ке­йін­гі орындарда Қытай (32 000) мен Өзбекстан (24 000) тұр. Сондай-ақ Түр­кия мен Үндістаннан келіп жатқан туристер легі бар.

Ал Visit Almaty туристік ақпараттық орталығының директоры Едіге Мар­ғұланның айтуынша, хаб ішкі туризм түрлерін мейлінше сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік береді, туристер ағылып келетін орталықты құрып, өңір­дің тартымдылығын арттырады, бүкіл әлемге танымал болатын мәдени кодты қалыптастырмақ.

Сонымен қаладағы әмбе­бап туристік хаб туристерге шаһардың көрікті жер­лері жайлы толыққанды ақпарат бере алады әрі туристердің қатарын то­лық­тыра түсетін қала қонақтары мен тұр­ғын­дарына қолжетімді бағыттар туралы жол сілтеп, естелік кәде­сый­­лар сатып алу мен демалысты ойда­ғыдай өткізуге мүмкіндігін бе­ре­­ді. Хаб қаланың қақ орта­сында, тоғыз жолдың торабында орналасқан, оған мегаполистің кез келген же­рі­нен оп-оңай жетуге болады. 

Алматыдағы алғашқы турис­тік хаб­ ашылмай тұрып, оған қала әкімі Бауыржан Байбек келіп, орталықтың жай-жапсарымен танысты. 

Өз кезегінде Алматы қа­ла­лық Ту­­­ризм және сыртқы байланыстар бас­қармасының басшысы Мақсат Ки­­ки­мов алдағы жылы алғаш рет 2023 жылға дейінгі туризмді дамы­ту жөніндегі мем­лекеттік бағдарлама әзірленетіндігін айта келе: «Бағдарла­маның негізгі мақсаты – туризмнің ІЖӨ-дегі үлесін 8 пайызға дейін жет­кізу. Бүгінде бұл көр­сеткіш Алма­тыда 1,5 пайызды құ­райды. Алматы қа­ла­сы әкімінің бастамасымен құ­рылған туристік хаб мемлекеттік бағ­дар­ламадағы мақсаттарға қол жет­кізуге жағ­­дай жасайды», дейді. 

Туристік хабтың салтанатты ашылу рәсімінде қол­өнершілердің «Қазақ өне­рі» орталығы ұлттық мате­риалдардан әзірленген кәде­сыйларды көрсетті. Ал туристік агенттіктер Алма­тының көрікті орындарына саяхаттауға арналған экскурсиялар мен эксклюзивті турларды ұсынды.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ