...Небәрі бес жасар Мейрамбектің сол бір күнгі көрген қиянат-қияметі, күштінің әлсіздің алдындағы әлімжеттігі – оның құйтақандай жүрегіне ғана емес, бүкіл өміріне сілкініс, кеудесіне жанартаудың жылт еткен шоғын тастағанын ол кезде біле қоймаған шығар...
Онда олар Алатаудың баурайы, Үшқоңырдың етегіне көлбей орналасқан Шамалған ауылында тұратын. Бүбіш апа Мейрамбегі екі жасқа толғанда арқа сүйер отағасынан айырылып, артында үйелмелі-сүйелмелі үш ұлымен аңырап қалады. Шамалғаннан күнкөріс қамымен Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Үңгіртас совхозының Ақдала бөлімшесіне көшіп келгенімен, жесірліктің, жетімдіктің қиындығы бұл отбасын айналып өте қоймайды. Шиеттей бала-шаға екен, жоқшылық көріп отыр ғой деп, қол ұшын бергендер де, жесір, жетімектер деп менсінбей, мұрын шүйіріп қыр көрсеткендер де болды-ау.
Мал баққан адам біледі, қойды көктемде қырыққаннан кейін күпкіге түсіреді. Содан ауылдағы бар малды күпкіге айдауды Бүбішке тапсырады. Ол күпкіңіз ауылдан он бес шақырымдай. Әлімжеттік емес пе, небәрі бес-ақ қойы бола тұра, әрқайсысында елу шақтыдай қойы бар ауылдастары бес жүз басқа жуық бір отар қойды алдына салсын. Тек жаны ашыған көршісі ғана көтерем есегін береді. Қайтсін, балалары қойды жаяу жалпылап айдап апарғаны өз алдына, қиындықтың көкесін содан кейін көрсін. Анасы есекпен бір жағында жүргенімен, жан-жаққа жамыраған қойды жинап, айдауда Мейрамбектің есі кетеді. Кетпей қайтсін, күннің ыстығы, шөл қысқаны бар, бір күнде отыз шақырымдай жүру бес жасар баланың сілесін қатырады. Зорыққаны сонша, үйге келесімен ыстығы көтеріліп, есінен танып құлап түседі...
Айта берсең мұндай қиын жағдайлар олардың басынан көптеп өткен. Жолбарыс өз жарасын өзі жалап жазатыны сияқты байғұс ана тағдырына налып, момындығынан теперіш-қақпайлар көріп, шер шемен көкірегі удай ашыған шағында, пысылдап ұйықтап жатқан құлыншақтарына қарап, «осы алтындарым аман болса, әлі-ақ ержетіп, біз де адам қатарына қосылармыз» деген үміт отына жылынатын.
Мейрамбек он жылдықты интернатта жатып, оқып бітірді. Онда да үйге келсе киноға барып, ләңгі теуіп, велосипед мініп, әкесі шашынан сипап, маңдайынан иіскейтіндей, болмаса басқа балалар сияқты «папалап» еркелейтіндей жағдай болған жоқ. Буыны бекіп, топшысы қатайған шағында Мейрамбек өз тағдыры тек өзінің қолында екенін түсінеді. Тұлпарлығы тай кезінен білінген бала күшпен қуатты қайсарлығынан алады. Енді тек біліммен достасу қажеттігін тастүйін түйсінеді. Мектепті бітірген соң тек әулеттегі, ауылдағы емес, қоғамдағы әділетсіздікке, озбырлыққа қарсы шығатын, соны әділ шешетін қызметте болсам деп армандап, заңгерлік мамандыққа түсуді мақсат етіп қояды. Ол үшін сенетін «көкесі», «ақшасы» жоқ, тек мектепті алтын медальға бітіру.
«Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады», деген қағылез, зерек баланың болашағынан үміт күткен сол кездегі Үңгіртас мектеп-интернатының меңгерушісі Жалғасбай ағайы баланың бетін қақпай, қайта қанаттандырып отырды. Балаң жігіт дегеніне жетіп, мектепті алтын медальға бітіргенмен, алдынан тағы да әділетсіздік шықсын. ҚазМУ-дың заң факультетіне тапсырғанымен, бір сабақтан төрт қойып, конкурстан өтпейді. Өзінен төмен баға алған үміткерлердің жолы болғанын көргендегі алқымға тығылған өксігін айтпаңыз. Бірақ, өзіне сенімді жігіт тауы шағылғанмен, алға ұмтылып ауылдағы племзауытқа жұмысшы болып кіреді. Әскерден келген соң Талдықорғандағы заң техникумын қызыл дипломға бітірсе де, алған бетінен қайтпайтын қайсар жігіт арманына сатқындық жасамай, тек бесінші рет барғанда ҚазМУ-дың заң факультетіне оқуға түседі.
– Өмірде қиыншылық көріп, жалғыз шешеміздің етегінен ұстадық, – деп анасын еске алады бүгінде алпысты алқымдаған жігіт ағасы. – Бізде тек «әкемізден жастай қалса да, күйеуге шықпай барлық өмірін балаларына арнаған анамыздың айтқан сөзін, берген тәрбиесін ақтайық» деген ой болды. Ананың мейірімі өлшеуге келген бе. Әлемнің жарығын сыйлаған анасына деген құрметі, махаббаты Мейрамбекте бір сәт үзілген емес. Бір өкініші, әттеген-айы – өмірден ертерек кеткені.
Мейрамбек заңгерлік еңбек жолын Алматы облысы Қаскелең аудандық халық сотында сот орындаушысынан бастап, онда он жыл істейді. 1994 жылы Алматы Көлік прокуратурасында стажерден бастап, Бас прокуратурада, Әділет министрлігінде, сот саласында да әртүрлі деңгейдегі қызметтер атқарады. Бүгінде Алматы облысы сотының төрағасы. «Мың шақырымдық жол – алғашқы қадамнан басталады» дейді қытай ойшылы Лао Цзы. Мейрамбек осы өз биігіне қадамдап, әрбір саланың барлық баспалдағынан өтіп жетті. Өйткені, оны өмірдің ызғарлы қара суығы қатайтты. Ол кез келген жеңіс қиындықсыз келмейтінін түйсінді. «Жетектеп салған тазы түлкі алмас». Өз білімі, талпынысы мен таланты, ынта-жігері, қайсарлығы, жанкешті еңбегі оны төрге шығарды. Дүниеде сатпайтын бір нәрсе болса, ол – мамандық, оған адалдық екенін білді.
Қай заманда да би болу, билік айту оңай болмаған. Егер «Бүгінгі судья қандай басты қасиеттерімен ерекшеленуі керек, үлгілі сот қандай болуы керек» деген сауал қояр болсақ, бір Мейрамбектің бойындағы болмыс-бітімінен, күнделікті өзін өзі дамытып отыратын дайындығынан, білім-біліктілігінен бекемдеп жауап табасыз. Әрине үлгілі сот – үлгілі судьядан шығады. Ол қай уақытта үлгілі болады, оның шешімдері заңның талаптарына сай болғанда, үкімдері бұзылмағанда. Сондай-ақ судьяның жеке басының қасиетіне, ой өрісіне де көп байланысты. Өмірде көріп жүргеніміздей, түрлі дәрежедегі судьялар бар. Шешімді жау шапқандай судыратып оқып шығатындар да кездесіп қалады. Ал Мәкең болса әр істің баянына, шешіміне қарай өз мінез-құлқын реттеп отырады. Өйткені шындық – көп, ақиқат – жалғыз. Әсіресе алдында баскесер, қатыгез жауызды, лаңкесті көргенде сесімен, айбарымен тұйғындай түйіліп, састырады. Демек, төрелік айтып, адам тағдырын, өмірін шешіп отырған қазының, бидің өзінің де жүрсе – жүрісі, сөйлесе – сөзі мығым болғаны абзал. Бірде Алатауына тартқан мінезіне салады. Кейде ешкім көтере бермейтін кесек мінезімен тура тартып, тура сөйлеп, бірде қатты, бірде жұмсақ айтатыны бар.
Он жылдан астам сотқа төрелік жасаған басшының қарым-қабілетінің бедерлене түсетін тұсы – оның ұтқырлы ұйымдастырушылығында. Жұмысқа кіріскенде жапырып істейтін ерен қайраттылығы, сұңғылалығы – қызметкерлерінің қайсысының қолынан қандай іс келетінін, дайындығын, ізденгіштігін, адамгершілігінің қай деңгейде екендігін ішкі барометрімен сезініп отыруға көмектеседі.
Ең бастысы – мектепті қазақша бітірсе де, екі тілге бірдей жорғалығы. Қай тілге салсаң да ұршықтың жібін тарқатқандай. Ал шешендігі өз алдына. Мақалдап, тауып сөйлейтін аузы дуалы, сөзі уәлі шешен билер Мейрамбектей-ақ болған шығар. «Оқымаса – ой тоқырайды» деген, кітапты өмірлік серігі еткені – өзіне қазынаны, жан азығын кітаптан табады, ақылдың кенін содан іздейді. Сондықтан да шығар, сөзге деген құрметі жоғары, әсіресе сәулелі сөзге. Соны әспеттеп жинап, әспеттеп жеткізеді. Ол жағынан рухани бай адам. Оған қоса фемиданың тарланы, заң ғылымдарының докторы, профессор М.Таймерденовтің сараптамалық ой-толғамдары және практикалық тәжірибесінің үш ғылыми кітабында айқын көрініс табуы, медиациялық билер соты концепциялық зерттемелерінің негізін қалаушылардың бірі болуы, сондай-ақ сот төрелігінің көкейкесті тақырыбына жүздеген ғылыми мақаласы, ұстаздыққа да уақыт тауып, Талдықорғандағы Жетісу мемлекеттік университетінің заң факультетінде дәріс оқуы – бүгінгі жаңашыл, сауатты заманауи судьяның болмысын аша түседі.
3-дәрежелі мемлекеттік әділет кеңесшісі, өмірлік ұстазы Болат Сембин ағамыздың: «Мейрамбек сауатты заңгер ғана емес, халықаралық дәрежедегі сот жүйесін құрудағы, өзінің пікірі бар білікті қоғам қайраткері. Өмірге деген талпынысы, ерінбей еңбектенуі ғылымда да жаңалықтар ашуға мүмкіндік берді. Бұған өзім куә болған докторлық диссертациясын қорғағанда отандық, еуропалық ғалымдардың айтқан пікірлері толық дәлел», деуі көп жайтты аңғартса керек.
Ұзақ жылдар осы салада қызметте болғандағы тағдырдың тартқан сыйы шығар, жақсы адамдарға кезікті. «Өз ойы, өз пікірі бар бала екен, мынадан бірдеңе шығады» деп іліп алған ағаларының жақсылығын, жарығын көп көрді. Бүгінде дос-ағалары Болат Сембин, Оңласын Жұмабеков, Марат Нұрбеков, Бектас Бекназаров, Қайрат Мәми, Игорь Рогов, Георгий Ким есімін құрметпен атаса, «ағасы бардың жағасы бар» деген, өзінің ағалық тәрбиесін, қамқорлығын көрсетіп, қанатының астына алған Болат Әбішұлына, Петр Проковьевичке асқан ықыласын білдіріп, соларға бір рахметін жеткізуді азаматтық, бауырлық парызы санайды.
Бүгінде Мейрамбек өз отбасының ғана емес, Таймерденовтер әулетінің оқ өтпес қорғаны, жел өтпес орманы. Үлкен бауырлары Серік пен марқұм Қайраттың жар жағына пана, күн жағына сая болды. 35 жыл бірге қол ұстасып келе жатқан құдай қосқан қосағы Күләші осы әулетке алтын босаға болып бекіп, бағын да, сағын да көтере білді. Көрікті қыз, мақтан тұтар үш ұл әкелді. Анасынан кейінгі ең жақын адамы, тілеулесі, тілеуқоры бола біліп, атқа мінген азаматының абыройын, парасатын биіктетуге күш салды.
Судья болу бар да, судья болып қалу бар. Отыз жылға жуық өмірін осы салаға арнап, іргелі тәжірибе жинақтап, оны ғылыммен ұштастырып, өз мамандығының биігіне шыққан болмысы бөлек болат мінезді жан бүгінде ақырын жүріп, анық басады. Оның көп жылғы әділет, сот және құқық қорғау жүйесіндегі қажырлы еңбегі «Парасат» орденімен, «Құрметті судья» атағымен, көптеген медальдармен атап өтілді. Құқықтық мемлекет құру жолындағы қазақ заңгерлерінің, би-судьяларының ішіндегі тегеурінді, тұғырлы тұлғасына, нысаналы жүйрігіне айналған бүгінгі біздің кейіпкеріміз Мейрамбек Таймерденов өмір мектебін де, заңды да әлі оқып, тоқып келеді...
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»