Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты дәстүрлі Жолдауында елімізде 2015 жылдан бері 2400 шақырым автомобиль жолы салынып және қайта жөнделгені айтылды.
Логистиканың мақсаты мен мүмкіндігі
Бұл мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жүзеге асқан инфрақұрылымды дамытудың жаңа биікке көтерілгенін айғақтайды. Президент Жолдауда бұл бағытты әрі қарай дамытуға пәрмен беріп, «2020 жылға дейін қосымша 4600 шақырым жол пайдалануға беріледі. Енді өңірлік және қалалық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытқан жөн» деп жол көрсетіп отыр. Қысқа мерзімде қол жеткен табыстар өз кезегінде отандық көлік транзиті мен логистикалық хаб және инвестициялық ахуалдың жақсаруына да жол ашқаны анық. Біз дәл осы бағыттар бойынша бірнеше мысал келтірмекпіз.
Биылғы тамыз айында өткен Индустрияландыру күнінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысындағы Құрық портының мультимодальды хабының жұмысымен танысқан болатын. Осы таныстыру рәсімі кезінде Президент «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағынан жөнелтілген жүк пойызына сәтті сапар тілеген еді. Осы шарадан бастау алған жұмыстар Қорғастағы құрғақ порт арқылы еліміздің батысындағы Құрық теңіз портына теміржол арқылы жүк тасымалын қамтамасыз етіп, Қазақстанның транзиттік әлеуетінің артуына үлес қосып жатыр. Жалпы, бұған дейін Қорғастағы құрғақ порттан аттанған контейнерлі жүк пойызы Құрық портына межелі уақытта жетіп, әрі қарай теңіз жолы арқылы Еуропаға сапар шеккен болатын. Бұл бағыт елімізді Батыс Қытай мен Батыс Еуропа арасындағы сауда қатынасына дәнекер ретінде танытып, әлемдік көлік хабы аясындағы Қазақстанның орнын да айшықтап берген-тін. Нақты айтқанда, 2017 жылдың басында Қытайдан Ұлыбританияны бетке алған жүк пойызы осы Құрғақ порт арқылы жолға шыққан еді. Көрші елдің Чжэцзян провинциясындағы Иу қаласынан Лондонның Баркинг ауданына дейінгі 11 999 шақырым қашықтықты еңсерген жүк пойызына Қазақстан тарапы логистикалық қызмет көрсетіп, жүк тасымалы бойынша әлемдік талаптарға толықтай сай екендігімізді дәлелдеді.
Ақиқатында, дүниежүзі, әсіресе Еуропа елдері қазақ даласы арқылы жүк тасымалының өтуіне мүдделі. Өйткені Қытайдың батыс қақпасынан аттанған жүк су жолы арқылы Еуропаның орталығына жеткенше 40 тәулікке дейін уақыт жоғалтады екен. Ал дәл осы жүкті ұшақ арқылы тасымалдау су жолына қарағанда 10 есе қымбатқа түсетін көрінеді. Демек, Қорғастағы құрғақ порт жобасының іске қосылуы кәрі құрлыққа бағытталған жүк керуенін 15 күн ішінде жеткізуге мүмкіндік береді. Енді еліміздің осы транзиттік әлеуетінің артуына, сол арқылы экономиканы гүлдендіруге бағытталған қадамның жемісті болуына «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының сіңіретін еңбегі орасан. Ал құрғақ порттан былтыр 95 мың ЖФМ, яғни жиырма фунттық мөлшермен өлшенетін жүк тасымалдайтын контейнер жөнелтілген. 2020 жылы Құрғақ порттың жүк өткізу қуаты толық іске қосылып, тасымалданатын контейнерлер санын 500 мыңға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Инвестиция иірімі мен игілігі
Жақында еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов бастаған шетелдік дипломаттар тобы Алматы облысындағы Қорғас шекара маңы ынтымақтастық орталығында болып, «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан еді.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды Еуразияның аса маңызды көліктік-логистикалық хабына айналдыру бойынша үлкен міндет қойды. Осы мақсатта біз «Солтүстік – Оңтүстік», «Шығыс – Батыс», «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәліздерінің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз етуді, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы жаңа экономикалық саясатты қытайлық «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен үйлестіруді, сондай-ақ Қазақстанның өңірлерін «Қытай – Иран» континентаралық магистральдарымен және Кавказ бен Ресей арқылы өтетін дәлізімен байланыстыруды көздейміз, – деген еді сол кезде сыртқы істер ведомоствосының басшысы.
Бұл әлем экономикасындағы экспансия үдерісі бойынша Қазақстан өзінің қомақты үлесін қамтып қалуға зор мүмкіндік беретін бағыт. Мұның ар жағында трансұлттық компаниялардың дүниежүзі нарығындағы көшбасшылық үшін күресі мен бәсеке майданы тұр. Ал алпауыт компаниялар өз мақсатына жету үшін қолайлы ел мен ыңғайлы аумақтарға инвестиция салатыны анық. Сүйінерлігі, Қазақстан әлем назарындағы инвестициялық тартымдылық бойынша алдыңғы қатарда тұрған ел санатында. Мысалға, соңғы 11 жылда Қазақстан экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 243 млрд АҚШ долларынан асқан. Бұл ғаламның ауқатты компанияларының елімізге сенімінің бір дәлелі болса керек. Жалпы, еліміздің инвестициялық климаты, сыртқы қаржы көздерінің қызметі туралы әңгімелегенде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен арадағы байланыс туралы сөз қозғаған орынды. Осы ұйымның жоғары стандарттарына сәйкес кезең сайын еліміздің инвестициялық ахуалына шолу жасалып отырады. Бүгінге дейін ЭЫДҰ бастамасымен Қазақстанның инвестициялық саясатына екі мәрте шолу жасалып, оның нәтижелері бойынша Үкімет тарапынан инвестициялық климатты жақсарту бойынша жеке жоспар қабылданыпты. Бұл реформалар отандық бизнес-ортаның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталғаны анық. Және жеміссіз емес. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Қазақстандағы Дүниежүзілік банктің «DoingBusiness» рейтингіндегі көрсеткіші 41-орыннан 35-орынға жоғарылады. Әлемнің қалталылары тарапынан көрсетілген сенімнің әсері болса керек, 2017 жылдың ақпан айында ЭЫДҰ кеңесі елімізді дүниежүзі бойынша Инвестициялар комитетінің мүшесі ретінде қабылдауға шешім қабылдады. Бұл соңғы 5 жыл бойына инвестициялық климатты жақсарту мақсатында төгілген тердің өтеуі деуге әбден лайық. Өйткені Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы инвестициялар комитетінің мүшесі болу Қазақстан үшін үлкен мәртебемен қатар жаңа мүмкіндіктер береді. Нақты мысал үшін бір ғана Алматы облысындағы инвестициялық ахуал жайына тоқталайық. Қазіргі күні облыс бойынша жалпы сомасы 1,3 трлн теңге болатын 50 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Осының 32 жобасы шетелдік компаниялардың қатысуымен жүргізілуде. Жетісуда әлемге әйгілі «Кока-Кола», «Фуд Мастер», «Данон», «Эфес», «Джи Ти Ай», «Тикурилла» сияқты жиырмадан астам брендтердің өнімі шығаруда. Бұл аймақта трансұлттық компаниялар үшін қолайлы жағдай жасалып отырғанын білдірсе керек.
Кеденнің қуаты мен келешегі
Логистика тақырыбына оралайық. Сөзімізді Қорғастағы құрғақ порттың қуатынан өрбіткеніміздей, транзиттік әлеуеттің артуынан туындайтын мүмкіндіктер Алматы облысының да логикалық хаб аясындағы орнын айғақтайды. Мұны күні кеше арнайы сапармен келген Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев та атап көрсеткен болатын. Қазір облыстың Қытаймен шекарасында «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы орталығынан бөлек, «Нұр жолы» кедендік өткізу бекеті іске қосылып, транзиттік-логистикалық қызмет көрсету сапасы жаңа белеске көтерілді. Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Ғосман Амриннің айтуынша, «Нұр жолы» өткізу бекеті техникалық жабдықталу, көлік құралдарының өту жылдамдығы және бақылау жүйесін енгізу бойынша теңдессіз болып саналады. Тоқтаусыз жұмыс істейтін, автоматтандырылған бақылау және тіркеу жүйесі бар заманауи құрал-жабдықтардың арқасында жүк көліктерін кедендік және шекаралық рәсімдеу уақыты бұрынғыға қарағанда 40 минутқа дейін қысқарды.
– Бұл кешеннің жалпы құрылымы көлік қозғалысының екі бағыты бойынша да бірден 2500 көлік құралын өткізуге қауқарлы. Оның ішінде 2200 жүк көлігі, 300 жолаушы көлігі бар. Бұл транзиттік ағындардың едәуір ұлғаюына мүмкіндік берді. Болашақта жаңа бекет тәулігіне 5000 көлікке дейін өткізе алатын болады. Мұндай өткізу пункті бар ірі сауда дәлізінің пайда болуы еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттырып, өңірлік экономиканың дамуына қуатты серпін береді, – дейді Ғосман Амрин.
Күре жолдың маңызы мен мәні
Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуеті мен логистикалық ауқымдылығы туралы айтқанда ел ішіндегі көлік жолдарының үлесін ұмытпауымыз керек.
Тағы да Алматы облысының жағдайында мысал келтірейік. Аймақта мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде бірнеше бағыттағы күре жолдар құрылысы аяқталды. Соның бірі әлемдік стандарттарға лайықталған «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобаны толық пайдалануға берілді. Ұзындығы өңір аумағында 304 шақырымға жететін бұл күре жол еліміздің 8 облысының аумағын өзара жалғап, ішкі қатынастың сапасын ғана емес, маңызын да жаңа деңгейге көтерді. Мұнан бөлек Алматы-Талдықорған бағытында 260 шақырым тас жол игілікке жарап, қызмет көрсетуде. Бұл жол еліміздің Шығыс өңіріне қарай жалғасып, Алакөл жағалауындағы туризмнің өркендеуіне де қолайлы жол ашпақшы. Қазір Талдықорған – Үшарал бағытындағы жол құрылысы басталды. Бұйырса, аз жылдар арасында автобан Өскеменге дейін жетіп қалуы тиіс.
Облыстағы көлік дәлізі бағытындағы тағы бір ауқымды жоба – Үлкен Алматы айналма көлік жолының құрылысы екенін айтуымыз керек. Жалпы, мегаполис үшін ғана емес, тұтас еліміздегі жол қатынасы үшін маңызы зор жобаны жүзеге асыру жұмыстары 2019 жылдың көктеміне қарай толық қуатына қосылып, алғашқы легі 4 жыл ішінде пайдалануға беріледі. Ал жолдың толық дайын болуы 2036 жылға дейін созылмақ. Қазіргі күні айналма жол құрылысы мемлекет пен жекеменшік әріптестігі арасындағы қол жеткен үлкен табысты жоба болып отыр. Құрылысқа қажетті қаржының қомақты бөлігі жеке инвестиция ретінде құйылмақ. Жобаның құны 180 млрд теңге шамасында. Бұл жобаның жүзеге асуы ел экономикасына орасан пайда әкеледі деп күтілуде. Он бес жылға негізделген инвестициялық жоба толық іске қосылғаннан кейін қаражаттың қайтарымы 208 млрд теңге мөлшерінде деп болжанған.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы