• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Медицина 08 Қараша, 2018

«Хат қоржын»

565 рет
көрсетілді

...жақсылығын жеткізеді

Мал бордақылау алаңдары артып келеді

Бұрындары үйдің үлкендері «Оқымасаң мал бағасың» деп, сабағына салғырт қараған балаларына, немерелеріне ескерту жасайтын. Қазір мал баққанның айы оңынан туып тұр. Кімнің малы көп, кім мал ұстайды, соның тұрмыстық та, қаржылық та жағдайы жақсы. Өйт­кені бүгін ет пен сүт өнімдеріне деген сұраныс күн санап артып отыр. 

Ауылшаруашылығының бір тармағы саналатын малшаруа­шылығын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаларды, несиелік жеңілдіктерді Сайрам ауданының шаруалары ұтымды пайдаланып келеді. Аудандағы малшаруашылығын дөңгелетіп отырғандардың дені ірі қараны бордақылаумен айналысады. Сүт аулаларын ашып жат­қандар да жетерлік. Мәселен, жыл басынан ауданда 73 бірлік10-15 бас­тық шағын мал бордақылау орындары ашылған. Ал аудандағы осындай 913 алаңда бір мезетте 32-33 мың бас мал бордақылануда.

Жалпы, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ірі қара мал басы 25,4%-ға, жылқы 14,3%-ға, қой мен ешкі 19,3%-ға артқан. Биылғы жылдың басынан тірі салмақта 15,895 мың тонна ет, 75,0 мың тонна сүт және 9,479 млн дана жұмыртқа өндірілген.

 Жалпы, ауданның даму концепциясында ауылшаруашылығы саласы бойынша 2018 жылға жоспарланған 6 жобаның 4 жобасы іске асып отыр.

Дәурен ДҮЙСЕБАЕВ,

Сайрам ауданы әкімі баспасөз қызметінің қызметкері

Түркістан облысы

...сенім артады

Құлшынысын арттыратыны сөзсіз

Оқу жылы басталғалы да біраз болды. Биылғы оқу жылының басты ерекшелігі – берілетін білімнің барлығы тәжірибеге барынша жақын болмақ және қағазбастылық жойылмақ. Елбасы мектеп мұғалімдерінің алдына – оқу процесін жетілдіру, оқу тәжірибеге жақын болуы тиіс, оқушылар алған білімдерін іс жүзінде пайдалана алуы керек деген мәселелерді қойып отыр. 

Мектеп бағдарламаларына, оның ішінде 5-7 сыныптарға «Өлкетану» курстарының енгізілуі – әрбір оқушының өз туған жерінің өткен тарихын, көрнекті тұлғаларын білуге құлшынысын арттыратыны сөзсіз. Алайда, ауыл мектептерінде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында, жаратылыстану циклі бағытында оқушыларға ағылшын тілін меңгерту мәселелерін шешуге көптеген кедергі бар екені белгілі. Өйткені толыққанды материалдық-техникалық база болмай, нәтиже талап ету де ұзаққа созылары заңдылық. Сондықтан шалғайдағы мектептер оқушыларының да білімдерін тәжірибемен ұштастыра алатындығын ұмытпаған абзал.

Тағы бір жағымды жаңалық – оқушы санына қарай мектептерге қосымша қаржы бөліп, ұстаздарға сыйақы ретінде үлестірілмек. Демек, мұғалімнің басты мәселелері жуырда шешілмек, ал шәкірттеріміздің жағдайлары да оңынан жүзеге асады деп сенеміз. 

Г.ТОҚМУРЗИНА,

Қарабау орта мектебінің мұғалімі

Атырау облысы,

Қызылқоға ауданы

...қынжылысын айтады

Қарап тұрып көршілерімнен ұялдым...

Түнеукүні үйімнің жанында бір сағаттың ішінде 2 төбелес болды. Жолға таласқан жүргізушілер көліктерінен түсе қалып бір-бірін түйгіштеді. Бәрі – қазақтар!

Таяқ жегендер кінәсіз. Жол ережесін бұзғандар онысымен қоймай, жолаушылар тасып жүрген момын сорлыларды ұрды да тастады... Екі рет бебеулеп полиция мен жедел жәрдем келіп кетті. Қарап тұрып корей, орыс көршілерімнен ұялдым... 

Құдайдың қара жолына, кең даласына сыймай жүріп, Құдайсыз желіде отырып алып басқаны емес, қазақты, қазақтың сүт бетіне шыққан қаймағын, момынын, іс басындағы іскерін түртпектеп, өсектеп, «сүрінсе екен» деген пиғылды тыймастан – елді, жерді сақтап қалайық дейсіздер... Ол болмайды, ағайын!

 Дүниені Алла өзгертеді. Біз пақыр өзімізді өзіміз өзгерте алмай жүрген жоқпыз ба?!. Өзгерейік!..

 Қанат ЕСКЕНДІРОВ 

Алматы

...ризашылығын білдіреді

Шалғай ауылда амбулатория ашылды 

Біраз бұрын Алматы облысы Панфилов ауданының Шолақай ауылын­да 50 орындық дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілген болатын. Оған «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қазынадан 210 млн теңге бөлініпті. Ғимараттың ашылу салтанатына аудан әкімі келіп, тұрғындарды жақсы жаңалықпен құттықтап, емхана басшысына жедел жәрдем көлігінің кілтін табыстады. Емханадағы құрал-жабдықтардың барлығы жаңа әрі заманауи. Мамандарды алдын ала арнайы курстардан өткізді. Ал Шолақай ауылында 5 мыңнан аса тұрғын бар. Бұған дейін шолақайлықтар кішкентай дәрігерлік пункт­ке барып қаралатын, тіпті аудан орталығына сабылатын. Енді міне ел осы бір игілікті істің шапағатын көріп отыр. 

Самал ҚАБЫШЕВА

Алматы облысы

...батасын береді

Қайырымды іс жалғасын табады

Өткен жылы Маңғыстау ауданы жастарының бастамасымен қайырымдылық жүйелі ұйымдастырылған еді. Биыл бұл үрдіс жалғасын тауып, аудандық орталық мешіттің наиб имамы мен аудандық Жастар орталығының басшысы «Жақсылық жасайық!» акциясы бойынша Шетпе ауылындағы тұрмысы төмен жандарға, жалғызбасты қарттарға, мүгедек жандардың үйлеріне арнайы барып, азық-түлік және ақшалай көмек көрсетті.

 Арнайы еленіп жасалған сауапты іске мұқтаж жандар ақ тілектерін жаудырып, батасын берді. Осындай сауапты бастамаға үлгі болған наиб имам мен аудан жастарының игі шарасы өңір бойынша кеңінен жасалып отырғаны – көңіл қуантатын жайт.

«Дінімізде мұқтаждың қажетін өтеп, жетім-жесірге қамқор болу, жағдайы төмен адамдарға көмек қолын созу қайырлы іс болып табылады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисінде былай дейді: «Су отты қалай сөндірсе, садақа да дәл солай күнәларды жояды» деп мұқтаждың қажетін өтеуге үндеген. 

Қалампыр ҚҰЛМЫРАТОВА

Маңғыстау облысы