Қызылордада «Электронды ветеринария» жобасы аясында «Mobi-VET» мобильді қосымшасы әзірленді.
Оның негізгі мақсаты - фермерлік шаруашылықтар мен халықтың жоспарлы ветеринариялық іс-шараларды орындауы бойынша толық ақпарат алу.
Сонымен қатар, «жобалық басқару» аясында аймақта электронды сауда алаңын – Агробиржаны құру жобасы жүзеге асырылуда. Бұл туралы облыс әкімі Қырымбек Көшербаев:
- Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз ету және сыртқы нарыққа сапасы жағынан ғана емес, бағасы жағынан да бәсекеге қабілетті жоғары сапалы дайын өніммен шығу міндетін қойып отырмыз. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл тұста ақылды технологияларды енгізу арқылы жақсы нәтижеге қол жеткізе аламыз. Бірінші кезеңде біз малдарды бақылауға арналған навигаторларды іске қостық, «электронды ветеринария» жобасы мен автоматтандырылған жылыжай құрылысын жүзеге асыра бастады, -деді.
Бұл ретте күріш шаруашылығы өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінде жетекші сала болып қала береді.
Бүгінде Қызылордалық шаруалар Монғолия, Түркия, Ауғанстан нарықтарын игеріп жатыр. Дәстүрлі өнімдерінен бөлек Иранға экспорттау үшін Иран сорттарын да шығару қолға алынған.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы