«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында халқының азаттығы жолында бар ғұмырын сарп еткен ұлт арысы Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толуына орай Алматыдағы Достық үйінде «Ақынның рухани мұрасы» тақырыбында еске алу кеші өтті.
Шараны Алматы қаласы Достық үйінің жұмысын қамтамасыз ету қызметі жетекшісінің орынбасары Нұрлан Мәуленов жүргізді.
Босқосу аясында ғалымдар Мағжанның өмірі мен шығармашылығына қатысты жүргізілген зерттеулер барысына тоқталды. Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Әуезхан Шашаев Мағжан ақынның қайраткерлік ұстанымдары, саяси көзқарастарына қатысты әлі де беймәлім деректердің бар екендігін жеткізді.
Бүгінде Мағжантану ілімі қалыптасқандығына тоқталып, бұл игі істе әдебиетшілердің, журналистер қауымының үлесі зор екендігін атап өткен Халықаралық ақпараттандыру академиясының және Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, «Интеллект Орда» халықаралық әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулерді ықпалдастыру институтының бас директоры, профессор Саттар Мәжитов Мағжан мұрасы әлі де зерттеле береді, деді. Ғалымның айтуынша, Мағжан 1938 жылы 9 наурызда қайтыс болып, сонау Магадан жерінде атылып кетті деген деректер бар. Бірақ іздестіру барысында Мағжан туралы нақты мәліметтер табылмады. Ақын Қызылжарда, әлде Мәскеуде атылды ма, оны анықтау уақыттың еншісінде.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлт азаттығы жолында күрескен Мағжандай өзге де алаш арыстарының өмірінің көптеген қырлары терең зерттеулерді қажет етеді. Ең маңыздысы осы арыстарымыздың, оның ішінде Мағжанның жақындарын танып-білу. Сол бір зұлмат жылдардың зардабы жанына жара салған талай боздақтардың туыстары әлі күнге өзінің туыстығына қатысты мәлімттерді ашуға қорқады. Олардың санасынан сол бір күндердің үрейі кетпеген.
Мағжанның мұрасына зер салғанда қайраткердің тарихи, саяси, халықаралық тұрғыдағы көзқарасы толық ашылмағандығына көз жеткізе түсеміз. Ғалымдар Мағжанның Мәскеудегі өмірін толықтай талдап, әлі де тереңіне үңілуі қажет. «Біздер әлі күнге Мағжанның Мағжан екенін көрсете алмай келеміз. Мағжанның әдеби мұрасына қатысты салыстырмалы зерттеулер қажет. Бүгінде Мағжанның туғанына 125 жыл толуы түркі елдерінде аталып өтуде. Кітаптары түрік тілін аударылды. Әзірге Мағжанның есімі тек түркі әлемінде ғана аталып келеді. Басқа кеңістікте Мағжан әлемі толыққанды ашылған жоқ. Сондықтан Мағжан мұрасы әлі де зерттелуі қажет», деді Саттар Фазылұлы.
Мағжан мұрасын зерттеп, насихаттауда ғылыми кеңесшісі Саттар Мәжитов, режиссері Инна Рудакова түсірген «Махаббат нұры» және осы басқосу аясында таныстырылымы өткен «Мағжанның құпиясы» деректі фильмдерінде қайраткер өмірінің сан-қилы кезеңдері суреттелген. Фильмді түсірудегі мақсат қоғамға ой салу, Мағжан өмірін суреттеу арқылы ұлт тарихын көрсету, дейді фильм авторлары.
Ақынды еске алу шарасына қоғам қайраткері Асылы Осман, Алматы қаласы ҚХА жанындағы Ғылыми-сараптамалық топ төрағасының орынбасары Светлана Аннаньева, «Ахыска» түрік мәдени орталығы төрағасының орынбасары Шаисмаил Асиев, Ахмет Байтұрсынов мұражай-үйінің жетекшісі Райхан Иманханбет, «Жарасым» республикалық жастар ұйымының мүшесі Ирина Гордиенко, т.б. қатысты.
Тарих және этнология институты тарапынан Достық үйінің кітапханасына тарихи мазмұнды бірқатар кітаптар сыйға тартылды. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының және ІТ университетінің студенттері мен этномәдени орталықтарының жастары Мағжан жырларын оқып, шағын қойылым көрсетті.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ