Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы басталды. Сессия жұмысын Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашты. Оның үстіне ҰҚШҰ-ның төрағалық тізгіні де бір жылдан бері Қазақстан тарапында болатын.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына қазіргі уақытта Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы және Тәжікстан Республикасы мүше. Сондықтан да кеңеске Қазақстан Президентінен өзге аталған мемлекеттердің басшылары – Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Президенті Сооронбай Жээнбеков, Тәжістан Президенті Эмомали Рахмон және Армения Премьер-Министрінің міндетін атқарушы Никол Пашинян қатысуда.
Жиын алдында Қазақстан Президенті ҰҚШҰ мүше мемлекеттердің басшыларын ресми шарт бойынша жеке-жеке күтіп алып, естелік суретке түсті. Мұнан соң президенттер топтасып суретке түсу рәсіміне қатысты.
Президенттердің шағын құрамда кездесуін ашқан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әріптестерін ҰҚШҰ кезекті саммитіне қатысу үшін Астанаға келгеніі үшін алғысын айтты.
– Біз қазіргі қалыптасқан халықаралық жағдайға байланысты ойларымызды ортаға салып, қарым-қатынасымыздағы өзекті мәселелерді талқылаймыз, – деді Қазақстан Президенті.
Аталған отырыс еліміз үшін Қазақстанның 2018 жылы Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына төрағалық етуі шеңберінде негізгі және қорытынды іс-шара болғандығымен маңызды. Өйткені, отырыс барысында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттер басшылары Қазақстанның төрағалық ету кезеңінде еліміз ұсынған Ұйымның басымды бағыттарын іске асырудың негізгі нәтижелерін қорытындылайды.
Сонымен қатар ҰҚШҰ төрағалығы 2018-2019 жылдары Қырғыз Республикасына өтетіндіктен, ел президенті Сооронбай Жээнбеков сессия барысында Қырғызстанның төрағалық кезеңіндегі басымдықтарды атайды.
Сонымен қатар күн тәртібіндегі мәселерге байланысты құжаттарға қол қойылып, БАҚ үшін мәлімдеме жасалмақ.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»