Кеше Астанадағы Ұлттық музейде «Әйелдердің ауылдық аймақтарды орнықты дамытуға қосқан үлесі» атты ауыл әйелдерінің І форумы болып, оған Мемлекеттік хатшы, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова қатысты.
Жиынға Парламент депутаттары, Еуропа Қайта құру және даму банкінің вице-президенті Э.Нэльсон, Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Астанадағы бағдарламалар кеңсесі басшысының орынбасары Д.Дигол, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
Өзінің құттықтау сөзінде Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ауыл – алтын бесік, ауылдың амандығы – елдің амандығы» деген сөзіне тоқталды. «Ауыл – халқымыздың бірлігі мен бірегейлігінің, тарихы мен мәдениетінің, ел дамуының қайнар көзі. Яғни, ауылды өркендету мемлекетімізді дамытудың маңызды шарттарының бірі болып саналады», деді Мемлекеттік хатшы.
Г.Әбдіқалықова Қазақстанда 4 миллионға жуық әйелдің ауылда тұратынын атап өтті. Олар бүгінде мемлекеттік басқару органдарында кеңінен өкілеттік етуде. Аудандық мәслихат депутаттарының 512-сі әйел, 5-еуі – аудан әкімі, 348-і – ауылдық округтер мен кент әкімдері. Олар 60 мыңдай ауыл тұрғынын жұмыспен қамтитын 40 мыңнан астам шаруа қожалығын және ферманы басқарады. Өткен жыл қорытындысы бойынша жалпы құны 1,2 триллион теңгенің азық-түлігі өндірілді. Бүгінде 1,5 мың әйел «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша өз бизнесін табысты дамытуда. Бағдарлама аясында 6 210 әйел бизнесті бастаудың қыр-сырын оқып-үйренді, жалпы құны 735 миллион теңге болатын 174 несие берілді.
Сондай-ақ форум аясында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Еуропа Қайта құру және даму банкінің вице-президенті Элизабет Нэльсонмен кездесті. Қазақстан Республикасы мен Еуропа Қайта құру және даму банкі арасындағы ынтымақтастықтың орнағанына 25 жылдан асты. Осы уақыт аралығында жалпы құны 7,5 миллиард еуро болатын 246 жоба қаржыландырылды. 2017 жылы Кеңейтілген серіктестік туралы негіздемелік келісімнің мерзімі ұзартылды.
Қазір еліміздегі 200 мың шаруа және фермерлік қожалықтың бестен бірін әйелдер басқарып отыр. Оның үстіне осындай жұмыстарды атқаратын әйелдердің саны арта түсуде.
Президенттің жыл сайынғы Жолдауларында төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында экономиканың жаңа драйвері болуға тиісті агроөнеркәсіп секторының рөлін күшейтуге үлкен көңіл бөлінген. Қазір республиканың ауыл-селоларында Қазақстан халқының 40,3 пайызы тұрады, оның жартысы әйелдер және олардың ауылдық аумақтарды дамытудағы рөлі айтарлықтай екендігін сөйлеген адамдардың бәрі де атап өтті. Мәселен, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев өзінің сөзінде экономикалық белсенді қауымның 49 пайызы әйелдер екендігін және олар Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосып отырғанын айтты.
– Біздің партиямыздың саяси кеңесінде әйелдер үлесі – 31 пайыз. Ал бастауыш партия ұйымдарындағы басшылардың 33 пайызын әйелдер құрап отыр. Сондай-ақ орталық аппараттағы барлық қызметкерлердің 43 пайызы әйелдер. Сондықтан Елбасы партиясының негізгі тірегі әйелдер және Президенттің елдің әл-ауқатын арттыруға бағытталған бағдарламаларының орындалуына үлес қосып жатқан да солар деп айта аламыз, – деді ол.
Еуропа Қайта құру және даму банкінің вице-президенті Элизабет Нельсон Қазақстанда іске асып жатқан «Гендерлік теңдік» жобасына тоқталды. Жоба Қазақстан экономикасын дамытуға әйелдердің белсене атсалысуын күшейтуге бағытталған. Бүгінгі таңда әйелдердің бастамасымен қолға алынған 2 мың микро-несиелі жобаға 26 млрд теңге несие берілді. Жалпы, ЕҚҚДБ 4 жылдың ішінде Қазақстанда 1 млрд АҚШ долларының жобаларын несиелендіруді жоспарлап отыр. Соның 320 млн доллары бүгінге дейін берілді, деді Э.Нельсон.
Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев өзінің сөзінде министрлік пен «ҚазАгро» холдингі ауыл әйелдерінің кәсіпкерлікпен айналысуын арнайы қолдап жүргенін тілге тиек етті. «Соңғы бес жылда бағасы 940 млрд теңге болатын 68 мың несие берілді. Соның ішінде 137 млрд теңгенің 21 мың несиесі әйелдерге берілді», деді ол.
Бүгін форум өзінің жұмысын одан әрі жалғастырады. Сонымен қатар ауыл әйелдеріне жарияланған конкурсқа сәйкес марапаттар тапсырылатын болады.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»