Мемлекет басшысы жуырдағы Жолдауында «Соңғы жылдары біз «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша республикалық маңызы бар инфрақұрылым қалыптастырдық» деп атап өткен болатын. Осы орайда еліміздің тұңғыш рет теңізге шығу мүмкіндігіне даңғыл жол ашылғанын айтқан ләзім.
Боржақты – Ерсай теміржол желісі
Бұл – әрине, отандық экономикаға және ел территориясы арқылы өтетін халықаралық логистикаға тың серпін берді. Осы маңызы жоғары жүк дәлізінің құрылысына шолу жасап көрелік.
Ең алдымен, 2014 жылы Боржақты – Ерсай теміржол желісінің құрылысы басталды. Бұл жол арқылы жүкті Каспий теңізіндегі Құрық портына жеткізу жоспарланды. Шойын жолдың жаңа желісі 2016 жылы пайдалануға берілді. Ұзындығы 16 шақырымға жуық жол Құрық портын Маңғышлақ – Өзен желісіне жанасатын теміржол магистралімен жалғады. Осы арқылы теміржол желісі басты және құйма жүктерді мультимодальді тасымалдауды қамтамасыз етіп, транзитті жүк ағынын арттырды. Сондай-ақ бұл Каспий арқылы батыс бағыттағы экспорттық әлеуетті көтеруге де ықпал етеді. Сонымен бірге бұл жобаны жүзеге асыру еуропалық нарыққа шығатын тікелей дәлізді ашуға мүмкіндік берді. Жаңа желінің өткізу мүмкіндігі шамамен жылына 5 млн тоннаны құрайды. Теміржол көлігімен тасымалдау жүйесінің жолға қойылуы транзиттік жүктердің жеткізілу көлемін арттырып, батыс бағыттағы тауар экспорты жүйесін оңтайландырды және трансеуропалық дәлізді халықаралық желілермен жалғайды. Бұл жүкті жеткізу уақыты мен қашықтығын мейлінше қысқартады.
Құрық портының алғашқы кезекте іске қосылған кешенінің құрылысы 2015 жылдың сәуір айында басталған болатын. 2016 жылдың 6 желтоқсанында Мемлекет басшысының қатысуымен өткен телекөпірде теміржол құрамымен қосып, аталған нысанның алғашқы кешені берілді. «Құрық – біздің Кавказ бен Еуропаға шығар жолымыз. Бұл біздің ұзақ күткен, жаңғыруға арналған өте керек жобамыз», деген-ді Президент Н.Назарбаев телекөпірде.
Елбасына теміржол мен порттық инфрақұрылым құрылысының аяқталғаны және алғашқы теміржол құрамын жүргізу дайындығының аяқталғаны туралы баяндалды. Телекөпір барысында вагондарды паромға тиеу басталды.
2017 жылы 6 желтоқсанда Мемлекет басшысының қатысуымен өткен жалпыхалықтық телекөпір аясында тестілік режімде Құрық портында кеме кіретін гидротехникалық құрылымымен автокөлік пирсі іске қосылды.
«Біз паром жағалауын аштық. Биыл автокөлік паромы мен Құрық порты Құрық – Баку – Грузия – Түркия, Босфор арқылы Еуропа бағытын ашуға дайын. Біз енді Қазақстанның құрлықтағы ел болғанымен Парсы шығанағын қосқанда барлық теңізге шыға алатын ел екенін айта аламыз», деген болатын Елбасы телекөпір барысында.
Мамандар автокөлік пирсі астындағы теңіз акваторийін тереңдету жұмыстарын тексерді. Бұл автокөлік транспортында жүкті ауыстырып тиеуге мүмкіндік берді. Ұзындығы 174 метрлік автокөлік пирсі салынды. Өткізу пункті және автокөлікті радиациялық бақылау жүйесі, жолаушыларды өткізу бекеті бойынша бірқатар жұмыс атқарылды. Автокөлік инфрақұрылымы ретінде кедендік рәсімдеу ғимараты, уақытша сақтау қоймасымен бірге толығымен тексеретін ғимарат нысандары пайдалануға берілді. Сондай-ақ порттың әкімшілік және өндірістік ғимараттары, сұрыптау стансасы салынып, шағын трансформатор подстансаларын монтаждау жұмыстары орындалды.
Жеті миллион тонна жүк өткізуге қабілетті
2017 жылдың 19 қазанында Құрық портының теміржол паромы терминалында іс басталғаннан бергі алғашқы миллион тонна жүкті тиеу сәтімен орындалды. Жалпы, былтыр барлығы 1,5 млн тонна жүк тиеліп, 320 кеме мүйіске тоқтады. Өткен жылдың соңында Құрық портынан «Әзербайжандық Каспий теңізі параходы» ЖАҚ-тың Ro-Ro түріндегі «Бястякар Гара Гараев» кемесімен алғаш рет жеңіл және жүк көліктері жіберілді. Кеме бортына 27 жүк, 1 жеңіл автокөлік және 30 жолаушы қабылданды. Ұзындығы 125,25 және ені 16,22 метр болатын кеменің жүк көтерімділігі 3463 тоннаны құрайды. Ал биылғы 7 айда 1,2 млн тоннадан астам жүк тиелді. Паром кешені астық, мұнай өнімдері, тыңайтқыштар, химикаттар және басқа да жүк түрлерін тиеуге бағытталған. Автомобильді паром терминалының қызмет көрсету қуаты тәулігіне 6 паром және жылына 2 млн тонна жүкке жетеді. Жалпы порт жылына 6 млн тоннадан аса жүк тиеуді қамтамасыз ете алады.
Паром кешеніне су акваторийі нысаны құрамына операциялық және маневрлік акваторий, теміржол паромдарын қабылдау мен өңдеуді қамтамасыз ететін айлақ, жағалаудағы ғимараттар кешені мен терминал қызметін қамтамасыз ететін қызметтерді орналастыруға арналған орындар, теңізде жүзу қауіпсіздігі және навигациямен қамтамасыз ететін құрылымдар мен нысандар енеді.
Жалпы, порт аумағында 4 белдеу бар. Атап айтқанда, қайта тиеу кешендерінің операциялық белдеуі, технологиялық операциялардың өндірістік белдеуі, жалпы порттық нысандар белдеуі, жолаушылар операциялары белдеуі. Порт облыс орталығы Ақтау қаласынан 70 шақырым қашықтықта орналасқан. Ең жақын елді мекен – Құрық ауылы 17 шақырымда. 67 гектардан астам аумақта 2 айлақ бар. Айлақтардың ұзындығы 500 метрге жуық. Ал порт акваторийінің тереңдігі 7 метрге дейін жетеді. Ұзындығы 170 метрге, ені 17,5 метрге дейін, су түбіне 4,5 метрге дейін бойлай бататын кемелерді қабылдай алады.
Құрылысы үш жылға созылған паром кешені автокөлік және теміржол құрамды жүктерді тиеуге қолайлы заманауи теңіз инфрақұрылымы болып қалыптасты. Сондықтан бұл портты Қазақстан мен Еуразия құрлығындағы сауда ағынында отандық логистиканың жандануына және елдің халықаралық көлік дәлізі ретіндегі әлеуеті мен бәсекелестік қабілетін арттыруға оң әсер еткен құнды және өзін толығымен өтейтін жобалардың бірі деуге болады.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»