Елбасы биыл қазан айында жарияланған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында Үкіметке 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе өсіруді тапсырған болатын.
Бүгінде көптеген кәсіпкер аталған бастаманы қолдап, өздерінің қызметкерлеріне жалақы мөлшерін арттыру туралы шешім қабылдаған. Мәселен, Қарағанды облысының «Мутлу Экспорт» ЖШС осы жылдың қазан айынан бастап зауыт жұмысшыларының еңбекақысын 34%-ға көбейтті. «Мутлу Экспорт» ЖШС кәсіпорнының директоры Дос-Мұқасан Тәукебаевтың айтуынша, бүгінгі таңда жұмысшылардың айлығы 120 мың теңгені құрайды.
«Біз Елбасының еңбекақыны өсіру, қызметкерлердің ең төменгі күнкөріс шегін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын қолдаймыз. «Мутлу» компаниялар тобы техникалық жұмысшылар мен зауыттарда жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбекақысын 34%-ға ұлғайтты. Яғни, егер біздің жұмысшыларымыз бұған дейін 90 мыңға жуық жалақы алған болса, қазан айынан бастап олар 120 мың теңге көлемінде алады», деді Д.Тәукебаев.
«Мутлу» компаниясының негізі 1997 жылы қаланған. Компанияның негізгі қызметі − бидайды сатып алып, әртүрлі сұрыптағы ұн шығару. Қазіргі таңда компанияның үш ұн комбинаты бар. Экспорт географиясы өте ауқымды, компания өнімдері Қазақстанның ішкі нарығынан өзге Өзбекстанға, Тәжікстанға, Қырғызстанға, Түрікменстанға, Әзербайжанға, Ауғанстанға жеткізіледі.
2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қарағанды облысында жалпы 83 249 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. 2018 жылғы қаңтар-маусым айларында олар шығарған өнім көлемі 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21,6%-ға өсіп, 507,4 млрд теңге құраған. Биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша бизнес саласында жұмыс істейтіндер саны 231 195 адамды немесе өткен жылдың 7 айындағы көрсеткіштің 105,3%-ын құраған. Осылайша, еліміздің бизнес-қауымдастығының Президент Жолдауын қолдауы облыстың да әлеуметтік-экономикалық дамуынан оң көрініс табады.
Айта кеткен жөн, Президенттің ең төменгі жалақыны өсіру туралы шешімі барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтиды. Бұдан өзге, ең төменгі жалақының жаңа мөлшері бүкіл экономика ауқымындағы еңбекақы өсімінің катализаторына айналады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Премьер-Министр Б.Сағынтаевтың еліміздің өңірлеріне Президент Жолдауын іске асыру мәселелері жөніндегі жұмыс сапарлары барысында Шығыс Қазақстан облысының кәсіпорны, «Фирма «Азия» ЖШС құрылыс компаниясы 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қызметкерлерге ең төменгі жалақы мөлшерін 50%-ға дейін көтеретінін мәлімдеген еді. «Бақыршық тау-кен өндірісі кәсіпорны» ЖШС да жұмысшыларға еңбекақы мөлшерін өсіру мәселесін қарастырып жатыр. Ал Алматы облысында «Алматы бояулары» ЖШС, «Абди Ибрагим Глобал Фарм» ЖШС, «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС мәлімдеген-тін.
Қайрат ӘБДІЛДА,
«Егемен Қазақстан»