• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Қараша, 2018

Америкалықтар Қостанай облысына инвестиция салғысы келеді

382 рет
көрсетілді

Қостанайға Америкадан құрамында 18 адам бар делегация келді. Оларды бастап келген KUSTO GROUP компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Еркін Тәтішевтің айтуына қарағанда, қонақтардың барлығы да аты әлемге белгілі TysonFreshMeatInc, Global Beef Investors, ANIMART Dairy & Livestock Solutions, VALLEY, VALMONT Irrigation, 3rd Millennium Genetics LLC компанияларының басшылары,«сен тұр мен атайын» кәсіпкерлер. 

Қонақтар алдымен облыс өңіріндегі шаруашылықтар мен өңдеу кәсіпорындарын аралады. Олармен облыс басшылығы кездесіп, дөңгелек үстел басында бетбе-бет әңгіме жүргізді.

Американдық инвесторларды негізінен ауыл шаруашылығы қызықтырады екен. Дөңгелек үстел басында әңгімеге америкалық делегациядан ет өңдеу мен ет экспортымен айналысатын Tyson Fresh Meat Inc компаниясының, малды азықтандыру мен оның генетикасымен айналысатын Global Beef Investors, жерді суландыру жабдықтары мен технологиясын өндіретін КРС, VALMONT Irrigation және тұқымды асылдандыру ісін зерттейтін 3rd Millennium Genetics LLC компанияларының басшылары қатысты.

«Америкадағы ауыл шаруашылығын тиімді дамытудың «құдайы» саналатын осындай компанияларды Қазақстанға әкелгеніме ризамын. Бұл кісілер компанияларының өнімі жарты әлемді қамтамасыз етеді. Америкадағы Солтүстік Дакотада небәрі 700 мың адам тұрады. Ал оның ішкі өнімі 45 млрд долларды құрайды, жыл сайынғы өсімі 8 процент. Табыс тек агроөнім есебінен түседі. Онда жұмыссыздық, кедейшілік деген ұғым жоқ. Орташа жалақы орташа шаруашылықтың өзінде сағатына 25 доллар. Фермер бір мың гектар жерден бір жылда 300 000-350 000 доллар табыс табады. Онда өңделмеген ұлтарақтай да жер жоқ. Бұл кісілер Қазақстанға келуге, инвестиция салуға келісті» деді Еркін Тәтишев.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Қостанай облысының инвестициялық әлеуеті туралы айтып берді.Облыста жер де жетеді, логистика да бар, өндірген өнімді сыртқа шығаратын нарық та жақын. Ал америкалық қонақтар өз мақсаттарын айтты.

«Біз өте үлкен фирмамыз. Біздегі 6 зауытта күніне 28 000 бас мал сойылып, еті өңделеді, шошқа еті 7 зауытта өңделеді. Зауыттар аптасына 25 миллион тауық етінен түрлі азық пен жартылай фабрикаттар жасайды. Біз 130 000 жұмысшы жалдаймыз.Біздің Қазақстанға келіп, адамдарды жұмыспен қамтамасыз етуіміз жақсы саясат болар еді. Бұл үшін Америкада бірнеше кездесулер өткізіп, келісуіміз қажет, біздің келуіміз бірден шешілмеуі мүмкін, уақыт керек. Бірақ маған Қазақстан ұнап қалды, адамдарына, мәдениетіне ғашық болып қалғандаймын» деді Tyson Fresh Meat Inc компаниясының өкілі Гарольд Дин САНДОРСКИ.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов америкалықтардың облыс шаруашылығына инвестиция құюы үшін жергілікті атқару билігі тарапынан барлық қолайлы жағдай жасалатынын, ол үшін ең бастысы екі жақты сенім керектігін айтты. Қалған жұмыстың барлығын алдағы уақыт көрсетеді.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай