• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Қараша, 2018

Мұқағалидың полиптих портреті

1530 рет
көрсетілді

Белгілі қылқалам шебері Нұрболат Ысқақовтың қолтаңбасынан туған порт­реттік бейнелер адам бойындағы сезім сәулелері арқылы баяндала­ды. Суретшінің бұл саладағы алғашқы көлемді еңбегінің бірі – Мұқағали Мақа­таевтың түрлі кезеңдеріндегі портреттері.  

Мұқағалидың өзіне ғана тән қай­таланбас бейнесін бедерлеуге деген шынайы ұмтылыс суретшіге шабыт берген. Мұның ақынның алғашқы типтік портреттерінің жарыққа шығуына да септігін тигізгені анық. Мына порт­реттердегі бес түрлі Мұқағали бейнесі ақын көңіл күйін сан қырынан танытардай. Оның адам ретінде және ақын ретіндегі образы қоршаған орта арқылы сипатталады. Қылқалам иесі «Ақын деген таби­ғат қой, қысы, күзі, жазы бар» деп Мұқағалидың өзі айт­қандай, ақын жанының сан тарау ыр­ғақтарын, ішкі бұлқынысын, жүрек толғанысын, әп-сәтте құбылатын көңіл күйін тап басуға талпынады. 

Жан баласын жатсынбай жан сырын жайып салатын ақеділ аңғалдық, сәл жалғандық сезілсе қара аспандай бұлттанатын найзағай тектес өр мінез, жасқа да, кәріге де құшағын бірдей ашатын қарапайым қасиет, сәбидей пәк алғаусыз көңіл тазалығы, айнымас азаматтық болмыс – біздің ойы­мыздағы Мұқағали тұлғасы. Суретші ақын бойындағы дәл осы қасиеттерді айнытпай кейіптеуге күш салған. 

– Жасымнан Мұқағалиды жата-жастана оқыдым. Оның әлеміне өлеңі арқылы бойладым. Мұқағали өлеңдеріндегі көптеген кейіпкерлерді бейнеледім. 

Қулары қырдың қызыл түлкісі дер, Момыны біздің үйдің кірпіші дер. Мәңгілікке өзіммен ала кеткен, Менің нәзік жанымды кім түсінер, – деп ақын өзі жырға қосқандай, оның ішкі әлемін, салқар сағынышын, асау шабыттың тынымсыз тоғысқан тасқын­дарын өз дәрежесінде түсіне алмаған да шығармыз. Десе де портреттік бейнелер арқылы көрерменді Мұқа­ғали әлеміне бойлатуды мұрат тұттым, – дейді Қазақстан Суретшілер одағы­ның мүшесі Нұрболат Ысқақов.

Мұқағали өз күнделігінде: «Мені адамның өзі, сыртқы сүлдері емес, мінез-құлқы, қатынасы, ойы мен психологиясы қызықтырады. Оларды түсі­нуге тырысамын. Адамдарды түс­іне отырып, олардың да мені түсін­­генін қалаймын» деп жазыпты. Біз ақын­ның жан дүниесін өмірінің өзе­гіне айналған өлеңдерінен таны­ғандай боламыз. Көңіл көгімізде сақ­талып қалған сағыныш сезімдері, ақын дидарын ашатын мұндай бейнелер жанарға жасырынған мәңгілік жұмбақ әлемге жетелейтіндей көрінеді де тұрады. 

Арман ОКТЯБРЬ, 

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ